Лирик ақын Сағи Жиенбаев туралы естеліктер
"Сырлы саз, жырлы наз»
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиет сыншысы, профессор
Арманшыл бала шақ. Оқу іздеп, арман қуып, Алматыға келгем. Ғажап балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің үйіне түстім. Марқұм балажанды кісі еді. Бауырына тартып, әңгімелесіп, тез «достасып» кеттік. Жазудан қолы босаса, әңгіме айтады, кітапханасынан жыр жинақтарын алып, бірінен кейін бірін дегендей көрсетіп жатты. «Мынау Мүбәрәктің, мынау Жәнібектің кітабы. Естігенің бар ма? Ауылда, балалармен сырласып бірге жүр. Бақытты ғой. Қызық балалар ақындары», — дейді ол иығыма қолын салып. «Ал мынау Сағи досымның жыр жинағы», — деп жұқалтаң кітапты қолыма ұстатты. Әңгімеміз әрі қарай Сағи ақын жайына ойысты. Сағи ағаның кісілігі, азаматтығы, достыққа адалдығы сыр болып төгіліп жатты.
Қазақтың бұлбұл үнді сыршыл ақыны Сағи Жиенбаев жайында ең алғаш Ән-ағам аузынан есітіп, ақын ұсынған жыр жинағы арқылы оқып білдім. Сағи Жиенбаевты алғаш Ән-ағаң үйінде көріп, танысып әңгімелескен едім. Сол күннен бастап Сағи Жиенбаев сүйікті ақыныма айналды. Бұл 1970 жылдың жазы еді. Оған дейін білдім десем өтірік болады. Одан кейін бір жинағын қалт жібермей қадағалап оқып келемін. Көмейінен жыр саулаған жампоз ақын жайында көп айтуға болады.
Сағи ағам — балалар ақыны емес. Бірақ балалық шақтың әсерін бойында сақтап қалған ақын. Қалам иесі үшін бұл үлкен бақыт. Бала шақ — Болашақ аталатын үлкен университеттің алтын бастауы.
Балалығын тез жоғалтып алған жандар бақытсыз. Ән-ағаң аузынан ақын есімін естіген кезде, аяулы ағалардың өздерін көріп, сөздерін тыңдап «шіркін-ай, мен де осы ағаларымдай әдебиет дүниесіне енсем, халыққа қолыма қалам алып қызмет етсем» — деп, іштей армандаған сәттерімде менің аяулы ақын ағаларым қырық жасқа толар-толмас жаста жүр екен. Ақынның өз сөзімен сезімімді сәйкестендіріп айтқанда:
Көруші ем мен оларды құдіреттей, —
Тұратын көкейімнен үні кетпей.
Сонда олар…
Жүр екен-ау мына жерде,
Қырыққа бірі жетіп, бірі жетпей —
дегім келіп тұрады. Тағы да бірін-бірі қолпаштап, көтермелеп, бірінің жетістігіне екіншісі сүйсініп отыратын, жарысып жыр оқитын, қызғанышсыз қол шапалақтайтын ағалар бейнесі көз алдыма көлденеңдей тұра қалады. Тағы да Сағи ағамның жырынан олардың сол кездегі ірі тұлғаларын таба қоямын:
Таза еді —
Тау шыңындай бұлт бармайтын,
Ешкімнің қызығына сұқтанбайтын.
Қанша қабақ шытып ұрысса да,
Зәредей жүрегінде дық қалмайтын…
Уақыт шіркін замананы қысқа күнде қырық құбылтып, алғы күнге зырқыратып ала жөнелді. Ән-ағаң үйінде танысқан, аға-інідей табысқан М.Мақатаев, Ш.Мұхамеджанов, З.Шүкіров секілді марқасқалар дүниеден біртіндеп бақилық мекеніне көшіп те алды. Бұл күнде өткен шақпен айтылады жарықтықтар. Ал мен ағаларымды сағынып, көңілім жетімсіреген сәттерде сырға сақы, ойға жомарт Сағи Жиенбаев жырларын оқимын, қайталап оқимын.
Жыр адам жанын тазартады. Қалғып бара жатқан рухыңды сілкіп оятады. Жақсылыққа, өмірге құлшындырады. Сағи ақын жырлары бейне мөлдір бастау. Шөліркеп келіп бас қойсаң, сусының қанады, мұңданып жүрсең, өзіңмен сырласып, шеріңді тарқатады. Бейне бір сырыңды сыртқа шашпас жан досыңмен сырласып отырғандай боласың. Сағи Жиенбаев өлеңдері үстіне кір жұқтырмас кірпияз жандай мұнтаздай таза болып келеді. Артық жол, басы артық бір сөз болсайшы. Әсемдікті сезіндіріп, әдемілік дүниесіне шомылдырып тұрып та терең ойлантып, дүние-ғаламға көзіңді ашып, көңіліңді оятып жатады.
Аңғар жақтан тұрар салқын жел есіп,
Күнгей бетің тебіндепті-ау көгі өсіп.
Тағы да бір қимас жанды құндақтап,
Тау басына қосылар бір төбешік…
Осында табиғат суреті, тірлік мұраты, өлім… бәрі де бар емес пе?! Және қалай жақсы, қалай ойлы айтылған.
Сағи Жиенбаев жырлаған тақырып мейлінше кең. Қазақ аталатын ұлы халықтың ұлттық қасиеттері мен бүгінге дейін бастан кешкен қасіреттерін ол өзіндік өрнекпен, мөлтек сюжетке құрып, мөлдіретіп бере білді. Ол жырлар ішінде бейкүнә балалық ақын шығармашылығының алтын өзегі секілді арна тартып жатады. Ақын адалдық, азаматтық, кісілік, тазалық ұғымдарының қай-қайсысын да балалық бейнесінде береді. Демек, ақын шығармашылығында Балалық — қарапайым тура мағынасында қолданудан, Дүние-тіршіліктің тірегі саналатын адалдыққа дейін баламаланып жетіп жатыр. Сондықтан да ақын соғыс аязы қарыған балалық шағына қарыздар шығар. Ал біз ақынның балалық шақты басқыш етіп айтқан оймауыт ойлары мен жампоз жырларына қарыздармыз. Өйткені өзіңмен сырласып, өзіңмен мұңдасып сөйлер ол жырлар бізді пендешіліктен тазартып періштелікке жетелейді. Ондай сәттері ақын да сезім құбылыс-құйылыстарын ойнақыландыра, қызындыра, қыздыра жырлай келіп «…жас сәби қаз тұрғанда, Бар дүние кетті ғой сәби болып» — деп аяқтап жатады. Ақын үшін Жер-дүниеде әділдік болуы үшін бәріміздің, әрбіріміздің сәбилік сезіміміз өліп қалмауы керек. Сәбилік сезім ақын үшін кісілік кредосы! Ақын жыры бізді баурайды. Міне, осылай ақын өз оқырманын адалдыққа баулиды.
Үлкен, кіші деп жатар не бар, шыншыл жыр, сыршыл жыр — балғын бөбектерден бастап өлең сүйер өрендердің қай-қайсысын да бейтарап қалдырмайды, елітеді, ерітеді, тербейді, тебірентеді. «Кәмилаға» арналған мына бір өлеңді оқып көрейікші:
Алғаш рет…
Қаз тұрады бүгін бөбек,
Басталады балапан ғұмыр бөлек.
Бел байлады балапан ұлы жолға,
Нәртәуекел!
Ал, кәні! Жүру керек! —
болып басталады өлең! Осы алғашқы шумақтың өзінен-ақ нақты, затты сурет, өлеңге жан берер қимыл-қозғалыс, динамика, өлеңді өнер туындысына айналдырар ақындық философия көрмейміз бе?! Ақын кішкентай ғұмырдың (бөбек) қаз-қаз тұруын әрбір адам үшін бөлекше сабақталар ғұмыр философиясына сабақтастыра жырлап отыр.
Бір бұл ғана ма, ақын соғыс қасіретін «Хат», «Оң аяқ» секілді өлеңдерде оңтайымен жырлаған еді. Бүлдіршін бала қара таныған соң қарттардың майдандағы жаумен жағаласып жүрген жауынгер ұлдарына хат жазып беріп отырады. Талай хат жазып, ата-ананы қуантады. Машықтанып алған лирикалық қаһарман:
Содан соң,
«Сырын» біліп ап,
Ұшырдым талай хаттарды.
Хат жазып беріп ұлына
Қуанттым қанша қарттарды— дейді.
Расында,Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қараңғы қазақы өмір картинасы емес пе? Жаңадан қара танып, хат жазуды үйренген бала үшін хат жазып беру, қарт ата-ана қуанғанын көргеннен артық бақыт жоқ қой. Сағи ақын өзі үшін жаңа «Америка ашқан» бала психологиясын соншалық нәзік жырлайды.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Майданға жолдаған балақан хаттары «Сабылып майдан алабын»қайтып келіп тұр… міне, ауыр тағдыр. Міне, өлеңдегі күтпеген бұрылыс. Бұл — баласын күткен қарттардың үзілген үміті. Бұл — хатжазып беріп, үлкендер қажетін өтедім деген сәби көңілдегі қуаныштың күл-талқаны шыққаны. Соғыс картинасын, оның қан майданы мен тылдағы үміт-арманын жүрек бұлқынысымен, бұрылыс-бұрылысымен бұдан артық дәл елестету, бұдан артық дәл жырлау, әй, мүмкін емес шығар-ау. Өз басым Сағи ағаның осы «Хат», «Оңаяқ», «Құлын»секілді бір шоғыр философиялық өлеңдерін қазақ поэзиясы классикасынан санаймын.
Мұндай жұтынып тұрған, үлкен тағдыр арқалаған өлеңдер ақында аз емес. Біз «жұпарым болса, жұртым ал»— дегендей, бар ғұмырын өлеңге арнап келе жатқан өнерпаз ағаға бар пейілімізбен қарыздар сезінеміз.
Бұл күнде Сағи ағаны алғаш таныстырған Әнуар аға Дүйсенбиев те жоқ мынау жарық жалғанда. «Жігіттің гүлі еді» депатап, ақын досын есіне алып, естелік жазып, артындағы ұрпағына ақ адал бейілін беріп Сағи аға жүр. Досқадостық парызың деген. Ән-ағамды сағынғанда Сағи ағаға еркелегім келіп тұрады. Ақын Сағи Жиенбаев — үлкен-кішіні бірдей жан-бауыр тұтып, өзіңмен бірге мұңдасып, өзіңмен бірге сырласып, жақсылыққа жетелеп келе жатқан жорға ақын.
1997 ж.
(«Арыстар мен ағыстар» кітабынан алынды. «Таным» баспасы, 2003 жыл.)
Сағи ЖИЕНБАЕВ
Ерте көрдім, ерте көрдім барлығын,
Ерте көр деп ерте берді тағдырым.
Жия бердім, сыя берді ішіме,
Сездірмедім көкіректің тарлығын.
Ерте көрдім мен әкемнің жоқтығын,
Ес білгелі соны іздеумен өтті күн.
Тағдыр мені тұрғызды да, «бас» деді —
Табаныма төсеп қойып отты құм.
Бастым — құм ба, шоғы ма әлде көріктің,
Мен қып-қызыл отқа бір-ақ жолықтым.
Жата кеттім жөргегіме оранып,
Жерді басып жүруге де қорықтым.
Ерте көрдім көз жасының қандайын,
Есіме оны енді бірақ алмайын.
Ерте көрдім, ақ жүзі емес, анамның
Күзгі жердей әжім басқан маңдайын.
Ерте көрдім соғыстың да не екенін,
Қаңырап қалды менің туған мекенім.
Қырға шықтым қарттарға мен қосылып,
Жалаң аяқ, жабылмастан етегім.
Ерте көрдім соққан желді буынып,
Қырда жүрген аспан-жерді қуырып,
Кетердей ол екпінімен, гүл емес,
Менің албырт жүрегімді суырып…
Өз көзімен өмірде бір көрмеген,
Көңіл шіркін қызыққа да шөлдеген,
Мен білмеймін оның қандай екенін,
Оның өзі маған бұрын келмеген.
Осынау жанның бәріне ортақ өмірде,
Оны да ерте көрейінші дедім де,
Тәуекел деп, құшағымды жарға ашып,
Бір қызықты ұялаттым көңілге.
Енді, міне, бір шаңырақты ұстадым,
Ерте ойладым біреу үшін іс қамын.
Көк аспанда жүрегіммен бір самғап,
Ерте көрдім балапаным ұшқанын.
Бірте-бірте көңілімде күн қызып,
Ұйықтап кеткен гүлдерді жүр тұрғызып.
Күнде ертемен оянамын асығып,
Мені күтіп қалды ма деп бір қызық.
Ерте тұрып, асығамын мен мүлде,
Осы өмірге жаңа ғана келдім бе?
Ай, күні бар, жұлдызы бар самсаған
Көк аспанның толғанын бір көрдің бе?!
Асып қалдым мен де біраз белеңнен,
Көп қызығым қалып қойды-ау, дегенмен.
Аспан сынды ашық жатқан кеудемді
Толтыра алмай,
Толтыра алмай келем мен...
Сағи Жиенбаев туралы бірер сөз
Қолданушымыз Гүлнұр Тойшыбекқызы ақын Сағи Жиенбаев туралы толғанысын жолдапты. Ақынның нәзік жырына үңілген Гүлнұрдың шағын зерттеуі кемшіліксіз емес. Дегенмен, әдебиет әлемін ұққысы келген балаң көңілдің талпынысын бағалауды өзіңіздің еншіңізге қалдырдық, талғамы биік оқырман!
Ақынды ақын ететін оның өлеңдері. Әр ақын өз заманының шындығын жырына арқау ете білуі керек. Сонда ғана оның өлеңдері әсерлі шығады. Ақын болып дүниеге келіп, ақын болып өткен қазақтың дарынды ұлдарының бірі - Сағи Жиенбаев. Ол ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Оның өлеңдері халық көңілінен шығып, жүректерінен орын тапқан. Себебі, өлеңдерінде өмір бар. Ыстығы мен суығы, ащысы мен тәттісі араласып жатқан кәдімгі өмір жырланады. Ол өлеңдерінде өмірдің бар шындығын, бірін қалдырмай шебер жырлай білген.
Сағи Жиенбаев соғыс басталғанда небәрі жеті жаста болған. Сондықтан сонау сұрапыл соғыс кезіндегі ауыл балаларының қалай күн кешкендері суреттелетін өлеңдері баршылық.
Ақынның: Қадалып түнде ..
елеңдеп,
Қарсы алып таңның
Көкешімді ертіп келер деп,
Өлеңмен жаздым талайын,- деген6 оның «Хат» өлеңінде ағасына хат жазып, оның майданнан аман-есен оралуын асыға күткен бала сезімі шебер көрсетілген.
Есіңде бар ма, бауырым,
Сол күнгі таңның атқан
Ауылдың бәрі ағылып
Төбеге шұбап жатқаны
Әлі де көз алдымда
Сұрапыл өрттен қайтқан ер
Жалғызын қоршап адырда
Жамырай сүйіп жатқан ел! - деп сұрапыл күннің артта қалып, ауылдың жарқын, шуақты, көптен күткен қуанышты күннің келгенін қалай қарсы алғанын шебер жырлайды.Сағи Жиенбаев бармаған тақырып жоқ шығар. Осы уақытқа дейінгі барлық ақын өз жырына қосқан махаббат тақырыбын Сағи ақын да өз өлеңіне арқау етеді. Мысалы, «Гүл» деген өлеңінде:
Кеудемде соның тұрды үні,
Гүл көрдім содан, нұр көрдім.
Отыра қалып бір күні,
Суретін салдым гүлдердің. - дейді. Мұндағы өлеңде балалық сезім суреттеледі. Мектепке жаңадан келген қызды көріп, өзінің ерекше көңілге бөленетінін жасырмай айтып, қыз бейнесін гүлге теңейді.
«Қыз туфлиі» деген өлеңде жас ақынның жыр деген бәйгеден озып, қыз туфлиін жеңіп алатыны, жеңіске жеткен жас ақын үшін алтын, күмістің қажет емес, оған қыз деген бір сөзден артық сыйдың жоқтығы айтылып келіп, қыздарды ақын
Қыз деген –
әппақ періште.
Қыз деген-
мәңгі сұлулық – деп аппақ періште мен сұлулыққа теңейді.
Ал «Іздедім сені» өлеңінде:
Армансыз қудым, маралым
Қайтпадым іздеп тапқанша..
Жанымда болсаң, жарадың
Жұлдызым көктен аққанша, - дейді. Ақын бұл өлеңінде өзінің сүйгенін қаптаған жұлдыздар ішінен іздеп, талай рет ормандарда адасқанын айтып келіп, оны іздеп тапқанша жалықпайтынын шебер көрсете біледі. Оны мына «Көгілдір орамал» деген өлеңнен де байқауға болады:
Қайырылмай олда кетті үнсіз,
Қайда жүр қазір мекендеп.
Жол кезем ылғи дегбірсіз
Жолығып қалар ма екен деп.
Сонымен қатар «Талайлар мені елжіреп, құрметтейтін» деген өлеңде оны талай жандардың сыйлап, жанынан үйіріліп шықпайтынын, бірақ қаншама керемет деген жандар жанында болғанымен, оған бәрібір қасында біреудің жоқтығын және оны тапқанша іздейтінін айтады:
Күндіз-түн сол жоғымды іздейтінмін,
Таппасам маған өмір мұз дейтінмін.
Кетсе де, жолдар ұзап, жылдар ағып,
Мен одан күдерімді үзбейтінмін.
«Бір адам » деген өлеңінде ақын әр жанның жүрегінде сағынатын, аңсайтын, тек соған ғана мұңын айтып, сырласатын бір адам болуы керек дейді.
Мен білмеймін–
Тазамысың күнәдан?!
Тірлік деген
бұлтанақ та бұралаң...
Өміріңде
аңсап қана жүретін–
Көңіліңде
тұру керек бір адам!..
Сағи Жиенбаевтің махаббат туралы кез келген өлеңін оқып көрсеңіз, ол өзінің жанына жақын бір жанды іздеумен жүреді.
Ақын жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерді де көптеп жазды. Мысалы, «Көктем еді», «Күзгі бақта», «Көктем», «Қар туралы жыр» «Көктемде құрғап беткейлер» т.б.
Сәулеге толып етегің,
Осылай ылғи күттіріп,
Өмірдің тәтті екенін
Кетесің бізге ұқтырып.
Баршаның сүйікті қаласына айналған Алматыны жырына қоспаған ақын жоқ шығар. Сағи ақын да осы Алматыны өз жырына арқау етеді. Ақын Алматының қыс бейнесін жасауда, қыста қар жауғанда ол жерге қалай түсетінін жеткізуде теңеу сөздерді ұтымды пайдаланып, ғажайып бейне сомдайды.
Ұйтқып-соғып аласұрған көңілдей,
Бір-ақ түнде ақтарылып төгілмей
Қара жерге түседі ылғи жасқанып
Қалыңдық боп жаңа түскен келіндей.
Көктем. Халықты ерекше бақытқа бөлейтін көктем. Барша адамның сүйіктісіне айналған көктем. Ақын осы бір мезгілде адамдардың, сонымен қатар барлық жандардың ерекше көңіл-күйін, қуанышқа толы бейнесін бізге әдемі етіп жеткізе біледі. Мысалы, «Көктем сәулелері» деген өлеңінде:
Билейді белін мың бұрап,
Найзағай бұлттың ішінде
Көтеріп басын гүл-құрақ,
Қарайды сол бір мүсінге, -дейді.
Дірілдеп жалғыз жапырақ
Денесін суық қарыған,
Ақырғы сәтте жатып ап,
Айрылар емес талынан, -деп басталатын «Күзгі бақта» деген өлеңінде жадыраған жаз айының өтіп, сұр түске боялған күздің келе жатқанын, осы мезгілде жап-жасыл түске боялған жапырақтар сары түске айналғанын, бірақ жапырақтар жаз бойы бірге болған бұтақтарымен қоштасып айырылғысы келмейтінін әсерлі етіп баяндайды.
Қатал бір қара түкті қол
Жұлып ап оны оңай ақ.
Қандай ақынның болмасын, өлең жазудағы шеберлігін көрсететін өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы ақынның өз туған жеріне арнаған өлеңдерін оқысаңыз, туған жерінің суретін қалай көріп, қалай қабылдайтынын байқайсыз. Сағи ақын табиғатты суреттеуге жеңіл-желпі қарамайды, ол әдемі, бейнелі сөздермен суреттеп көрсетеді.
Қоңырқай тартып реңі,
Қойғандай алдын құрсаулап,
Бір шөкім бұлтқа тіреліп,
Сәулелер жерге тұр саулап.
Бұл өлеңде туған жерінің сұлулығын, әсем келбетін ақын ешбір артық сөз қолданбастан шебер суреттеп көрсетеді.
Ақша бұлттар мен
Елім мен
Туған жеріме саулық тілеймін
Жаңарып әр күн,
Ағарып әр таң атқанда!
Әр адам үшін өзі туып-өскен мекені әрқашан ыстық. Туған жері үшін ол қолынан келгенше бәрін жасауға, өзінде бардың бәрін беруге дайын тұрады. Сағи Жиенбаев бұл туралы «О,Туған жер, барымның» деген өлеңінде былай келтіреді:
О, туған жер, барымның,
Сәттілері сенікі.
Балы болса жанымның
Тәттілері сенікі.
Туған жер! Оған татымды теңеуді о заман да бұ заман, қандай ақын тапты екен. Ақын өлеңдерін оқып отырып, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілікті анық, айқын көресің.
Жолдаған: Гүлнұр Тойшыбекқызы
Ақша бұлттар мен
Елім мен
Туған жеріме саулық тілеймін
Жаңарып әр күн,
Ағарып әр таң атқанда!
Әр адам үшін өзі туып-өскен мекені әрқашан ыстық. Туған жері үшін ол қолынан келгенше бәрін жасауға, өзінде бардың бәрін беруге дайын тұрады. Сағи Жиенбаев бұл туралы «О,Туған жер, барымның» деген өлеңінде былай келтіреді:
О, туған жер, барымның,
Сәттілері сенікі.
Балы болса жанымның
Тәттілері сенікі.
Туған жер! Оған татымды теңеуді о заман да бұ заман, қандай ақын тапты екен. Ақын өлеңдерін оқып отырып, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілікті анық, айқын көресің.
Жолдаған: Гүлнұр Тойшыбекқызы
Комментариев нет:
Отправить комментарий