Сағи-лирик ақын, поэзия зергері

Қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаевқа 

арналған «Сағи-лирик ақын, поэзия зергері» атты поэзия кешінің сценарийі

                                                                  Өткізілетін орны: Қандыағаш қалалық өнеркәсіптік
                                                                           -экономикалық колледжінің акт залы
                                                  Өткізілетін уақыты: 2014 жыл, 30 қыркүйек.
                                                              Қатысатындыр: мұғалімдер, белсенді оқырмандар,
                                                                    колледж студенттері, кітапхана қызметкерлері


(Поэзия кешіне "Сағи-лирик ақын, елдіктің, ерліктің жаршысы"  атты кітап көрмесі,"Сыршыл ақын-Сағи" атты кітапханалық плакат, Сағи туралы нақыл сөздер, "Сағи-лирик ақын" слайд-шоу, "Сағи-қазақ лирикасының хас шебері" атты топтама, ақынның фотосуреттер топтамасы және т.б.безендірілді.)



1-ші жүргізуші: Армысыздыр құрметті қонақтар, қымбатты ұстаздар, жыр сүйер  қауым,оқырмандар, студенттер!
2-ші жүргізуші: Бүгінгі ақтөбелік ақын Сағи Жиенбаевқа арналған «Сағи- лирик  ақын,  поэзия зергері» атты поэзия кешіне қош келдіңіздер!
   1-ші жүргізуші: Облысымызда 2007 жылдан бері бастау алған, «Оқитын өлке» акциясы                    ұйымдастырылған. Акцияның мақсаты  жыл бойы өлкедегі ең үздік туындыны, жерлесіміз ақын –    жазушы, қоғам қайраткерлерінің бір шығармасын насихаттау, жастардың кітапқа деген                        сүйіспеншілігін ояту болатын.
  2-ші жүргізуші: Ал, биылғы жылы жазушы Тобық Жармағамбетов пен ақын Сағи Жиенбаевтың     шығармашылығымен кеңінен таныстырып,шығармаларын насихаттау шаралары өтіп жатыр.
  1-ші жүргізуші: Осы өткізілгелі тұрған шарамыз , қазақ   ақыны,   нәзік   сезімді,  қайырымды              азамат,  поэзия  зергері   және   ақындардың   әлденеше   буынының   ұстазы – Сағи  Жиенбаевқа    арналады.                                                                                                                                                
2-ші жүргізуші: Байғаниннің киелі топырағында дүниеге келіп, әсем астана Алматыда саналы          ғұмыр кешіп, 60 жасын тойлай алмай кенеттен көз жұмған алты алаштың аяулы ақыны Сағи           Жиенбаевтың есімі әдебиет төрінен ойып орын алғаны даусыз.
  1-ші жүргізуші: Оның қырық жылдық шығармашылығында «Қарлығаш», «Тарту», «Дала гүлі»,         «Теңіз сыры», «Таң алдында»,  «Оймауыт», «Әлия», «Іңкәр дүние» секілді 30-дан астам жыр              жинақтары жарық көрген. Оның шынайы шабытынан шыққан өлеңдері жалпақ жұрттың                  жүрегінен әлдеқашан орын тапқан.
  2-ші жүргізуші: Сағи Жиенбаев - адамдықтың, адалдықтың ақыны, сезім сұлулығының, жан             жылылығының жыршысы,елдіктің, ерліктің жаршысы.
  1-ші жүргізуші:Сағи Жиенбаев – лирик  және оқитын жұртқа көптен танымал, көп қатарына          ұқсамайтын, өз қолтаңбасы бар ақын.
  2-ші жүргізуші:
Бой бермей, ой кернеп  мазалы өлең                                                                                           Шығады сол жүректен таза деген.
Ақ маңдайын сәулелі айға сүйеп,                                
Шабыттанып ақындар жазады өлең – дегендей кезекте «Сағиға Арнау» - өз шығармашылығын оқитын  колледж студенті Архат Жолшара


Архат Жолшара
Мен тағы алдарыңа жырлап келдім,
Сағидайын ақынды жорға ап келдім
Шабытымның шырқау шегін шөктірдім де,
Шыңға шыққан шынардай шыңдап келдім.

Көркемдік байқалады болмысында,
Әдеби шеберліктің жолы осында.
Жырын жаттап жүрегін ұғынамын,
Бір көріп, жаныңда бір болмасам да.

Үнсіз қалып толғанамын толған айдай,
Сырлы сөзі санамды ояр найзағайдай.
Бүгінгінің жүз жігітін жинасаң да,
Болар ма екен, бұрынғы бір Сағидай

Айтылып жүр той-думан кәдесінде,
Сан жырлары халықтың әлі есінде.
Бірнеше өлеңдерін оқып болып,
Тәнті болған біз түгел Әуезов те.

Мен бүгін тақырыптан бұрылмаймын,
Жыр арнап жаңалықтан жығылмаймын
Дана кеуде ақындардың ізін қуып,
Ардақтап ән арнаудан тығылмаймын.

Адалдықтың серкесін сойыңыздар,
Жамандықтың жоспарын жойыңыздар.
Егер менің айтқаным дұрыс болса,
Қане бір, қошеметтеп қойыңыздар!
1-ші жүргізуші:
Көгілдір Жемнің бойында
Жарқамыс деген ауыл бар,
Мен сонда келдім өмірге
Мен сонда тудым бауырлар, – дегендей кезекті ақынның өмір жолдарына берсек.  
оқитын  .......................................................................................................................................
   2-ші жүргізуші: Сағи Жиенбаев   поэзиясының   тәрбиелік   мәні  зор. Онда  туған  жерді қастерлеу, отанды  сүю, еңбекке  баулу, адамгершілік, табиғат әсемдігін  сезіне  білу   т.б.  алуан          түрлі  тақырыптарға   жазылған   өлеңдері   ән   болып   төгілген,  жыр  болып шашылған.
  Қазір кезекті Сағидың әндеріне берсек, орындайтын колледж студенттері.
1-ші жүргізуші: Сағи  Жиенбаев   поэзиясының   айтулы   қасиеті – Отанға, туған жерге, биік адамдық  атқа деген нәзік те асқақ сезімінде, ал  махаббат туралы кез келген өлеңін оқып көрсеңіз, ол өзінің жанына жақын бір жанды іздеумен жүреді. «Туған жер» өлеңін оқитын колледж студенті Оңғарбай Ақерке 

2-ші жүргізуші: Ақын жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерді де көптеп жазды. Мысалы,  «Көктем еді», «Күзгі бақта», «Көктем», «Қар туралы жыр» «Көктемде құрғап беткейлер» т.б. Ақын өлеңдерін оқып отырып,  туған жеріне, халқына  деген сүйіспеншілікті анық, айқын көресің.  «Ақ жаңбыр» атты өлеңін оқитын Мұртазаева  Ләззат
1-ші жүргізуші:
Бұлдырап кеткен сағымдай
Еске алып сонау шақтарды.
Аттарын атап жаңылмай
Түгендеп шығам қарттарды- деп ақын сөзімен айтқанда , ел-халқының жүрегінен орын алған сүйіп айтатын Сағидың сөзіне жазылған  әні де бар. «Ауыл қарттары» атты өлеңін оқитын Зинира Қазмухамбетова
Жүргізуші: Енді ақынның мұрасына қатысты ойлары мен естеліктері  туралы ой бөлісетін аудандық орталық кітапхана қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ғалия Жұбаниязова

2-ші жүргізуші:Сағидың  лирикасының  үлкен  кейіпкері – қазақтың құба даласы, оның ішінде өзі туған жер Ақтөбе, Үстірт, Жем өзенінің бойы. Өйткені ол  ең күшті, ең  әдемі  жырлары  қайран  жадау, жетім, қызықсыз өткен балалық, соғыстың  ауыр жылдарына арналған. Ол жылдар,әрине, сол  туған жерінде өткен«Екі бауыр» өлеңі,  оқитын  жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Гүлнар Жанабергенова

Сағи   сазы – бұл  қазақ   лирикасындағы   айрықша   нұрлы,  сырлы   саз.  Ол  дауыс, ол саз   уақыт озған сайын қоғам, ұрпақтар толқыны   жаңарған сайын қалың  қоғамға   жаңа   сәнмен жаңара  береді.
1-ші жүргізуші:Тарлан   лирик  Қ.Шаңғытбаев  тап   басып   танығандай   «Сағи  лирикасының   ұтымдылығы – ондағы  шеберлік   пен  шындықтың   шынайы   ұштасуында,   үн  мен ұғымның сұлу үйлесімінде»,- десе,
2-ші жүргізуші: Ақын Мұқағали  Мақатаев  «Сағидың  поэзиясымен үшін сол жез қоңырау. Бірте-бір артық  сөзі жоқ, бірде- бір тәртіпсіз  буыны  жоқ,  артық өлшем, жетпей жығылу  дегендерді  іздесе  таптырмайтын  Сағи   поэзиясы   сол   жез   қоңырауды  елестетеді.  Сағи  оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды»-деп бағалайды.
1-ші жүргізуші:Ал, ақын Е. Дүйсенбаев:
«Майсалы самал сайларда
 Майыса есіп майда леп,
 Сайрайды бозторғайлар да:
 «Сағидай жырлау қайда деп?» - деп толғанады.
2-ші жүргізуші: Сағи ағамыз дүниеден озғанда, Сәкен Жүнісов ағамыз ақынның өзі жоқ болса да, алпыс жасын тойлауға елге келгенде, мынадай өлең жазған екен, оқитын балалар кітапханасының қызметкері Эльза Сматуллаева
1-ші жүргізуші:Сағи ақын атақ – дақпырт алмаса да, оған деген ел махаббааты,ризашылығы,жас ұрпақтың, өлеңсүйгіш өрендерінің құрметі зор болып қала береді
2-ші жүргізуші: 2000 жылы  Мәдениетті  қолдау   жылында  Қазақстан   Республикасы  Үкіметінің  қаулысымен  Ақтөбе  өңірінде  дүниеге   келген   лирик   ақын Сағи Жиенбаев   есімі  Ақтөбе   облыстық   жасөспірімдер   кітапханасына   берілді.
1-ші жүргізуші: Және   қала  көшесі,  Байғанин  ауданындағы   Оймауыт   ауылының   орта   мектебі   ақын  есімімен   аталады.
Сәулетті  сөздің  шебері, жаны жайдары, алтын қалам иесі С.Жиенбаевтың   жырлары   жас   ұрпаққа   үлгі  өнеге.
 2-ші жүргізуші: Бүгінгі шара қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен, аудандық орталық, балалар кітапханасымен және өнеркәсіптік-экономикалық колледж ұжымымен бірлесе өткізіліп отырғанын айта келе,  кешімізді аятамас бұрын осы арада өз лебізін білдірем деушілер болса, сөз кезегіне рұқсат береміз.

1-ші жүргізуші: Осымен Сағи Жиенбаевтың есімін жас ұрпаққа ұғындыру және дарынды жастардың шеберлігін шыңдап өлеңге деген ынтасын ояту мақсатында қазақ поэзиясына өзінің азаматтық үнімен, сырлы сазды лирикалық өлең, дастандарымен сүбелі үлес қосқан қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаев шығармашылығына арналған
«Сағи-лирик ақын, поэзия зергері» атты поэзия кешіміз аяқталды.
(Кеш соңында "Нәзік сезімді, поэзия зергері" атты С.Жиенбаевтың 80 жылдығына арналған естелік парақша таратылды) Сау-саламатта болыңыздар! Көріскенше!






«Сағидың шуақты мөлдір жырлары» атты  поэзия кешінің сценарийі


                                                              Өткізілетін орны: Аудандық орталық
                                                                                                                         кітапхананың оқу залы                                                                             Өткізілетін уақыты:2014 ж.,10 мамыр.
                                                   
   Аялы көңіл көлдердің
   Ақ айдынына бойламай,
   Туған күн болып  өлген күн,
   Туыңды жықтың, тойламай.

   Көк пенен жерде бақ қоздай,
   Көктемге тағы еніп қыр,
   Төлегені жоқ Ақбоздай
   Жыр жорғаң тағы келіп тұр.

   Сағыз бен Жемдей салада
   Сабылтып сағым аттарын,
   Сарғая күтіп, жан аға,
   Сағынған шығар қарттарың.

   Өзегін өртеп сезім- от,
   Сен туып -өскен жер- мекен:
   Ақ бұлты келді, өзі жоқ,
   «Ақыным қайда?!»- дер мекен?

   Оймауыт өлке ойында
   Өркиік сынды күн зырлап,
   Желекті Жемнің бойында
   Жетпіс бес Мамыр жыр жырлап,

   Бозала таңда сайланып,
   Боз кешіп жүр-ау деп білсем,
   Аппақ бір нұрға айналып,
   Аспанға сіңіп кеттің сен!
      
   Өлең момын даланың
   Өткерген балғын уақытты,
   Башпайың күйген қара құм-
   Байсары қандай бақытты !
     
   Майсалы самал сайларда
   Майыса есіп майда леп,
   Сайрайды бозторғайлар да:
  «Сағидай  жырлау қайда деп?!»-деп

     Жайраңдап сонда таныс маң,
     Жарқамыс толқыр елжіреп:
     Сағынта жетіп ғарыштан,
     «Сағидың даусы келді!»-деп.

      Құлпырған сайын жаз гүлі,
      Құбылжи дүние жаңғырып,
      Сағидың даусы-сазды үні
      Құйқылжып тұрар мәңгілік.- деп қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Сағидың шуақты мөлдір жылдары » атты поэзия кешіне қош келдіңіздер!

        Сағи Жиенбаев - поэзия сұлулығын қастерлей білген санаулы ақындарымыздың бірі. Өлең сүйер қауымға танымал болған лирик ақын, бүгінде қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы әбден айқындалған ақынның сыршыл жырлары парасаттылығымен, шынайылылығымен жұртшылықтың жүрегінен жол тапқан.
Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Оймауыт деген ауылында дүниеге келген. Ол 1955 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, Жезқазғанда мұғалім болып қызмет істеген. Өлеңдері сол студенттік кезден-ақ облыстық, республикалық баспасөздерде жариялана бастаған болатын. Ал, 1956 жылдан бастап бірыңғай әдеби жұмыстармен, газет-журнал баспаларының редакцияларын басқарып, көптеген шығармашылық жұмыстармен  айналысты.
Сағидың алғашқы «Қарлығаш» жинағы 1959 жылы шықты. Сол жинағымен – ақ оның жыр сапары сәтті басталғандай болды. Ақын ағаның өзі:
Туған далам жыр құйып таңдайыма,
Жазыпты өлең менің де маңдайыма.
Асыл атам, өзіңнен қалмайын деп
Әлі келем жабысып шалғайыңа!- деп өлең арнаған ақын атаның аулынан шығып, жыр әлемінде бірден-ақ көзге түсті.
Таң атса да қиырдан қылаң беріп,
Күн батса да қып-қызыл қыран болып,
Оймауытым, мөп-мөлдір аспан құсап,
Күндіз-түні мен сені тұрам көріп! - деп ақынның туған елге арнаған   «Оймауыт» өлеңін оқитын  Өтес Нұрберген.
Туған жерге деген махаббат, табиғатпен сырласу – қазақ лирикасының дәстүрлі тақырыптарының бірі десек, Сағидың да «Туған ауыл», «Ақтөбе әуендері», «Қарақалпақ өңірінде», «Амудария» т.б. циклді өлеңдерінде табиғат өмір мен тұтастыққа, лирикалық кейіпкерлердің туған жерге деген іңкәрлік сезімімен шебер орайластырылып,  көркем бейнеленеді. Сондай өлеңдерінің бірі «Жем бойында», оқитын Жаңабай Әсия (Ақтөбе облыстық Мақсұт Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 7 сынып оқушысы.)
Сол тұстағы поэзия әлемінде көрінген жас ақынға көңіл аударған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов ризалықпен «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым, оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке орт- ақ шындық бар... Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін, соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе осы шыншылдық»,- деген еді.
Ата жазушының осы сөзі Сағидың ақындығына халықтың үміт-сенімін арттыра түсті. Содан бері ақынның жиырмадан астам жыр кітабы шықты. Ол жинақтан-жинаққа өсіп өзінің парасатты поэзиясымен жұртшылықтың жүрегін баурап алды.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысы кезіне тура келген Сағи, оның қайсыбір жинағын қолға алсақ та, оның өлеңдерінен алдымен жаралы жылдар бейнесі елестейді.Оның соғыс жылдарына арналған өлеңдері «Сыртта боран ұлып тұр», «Оң аяқ», «Күткен күн», «Жеңістің тұңғыш таңы бұл» атты т.б. өлеңдерін атауға болады.
       Сағидың Әлия, Нүркен жайындағы сәтті поэмалары, яғни соғыс кезіндегі тағдырлардың сәтті суреттелуі, кейіпкердің жан күйзелісінің бейнеленуі оқыған адамды күрсіндірмей қоймайды.
С.Жиенбаевтың «Қайран шеше» поэмасы. Оқитындар Аяужан Тауманова 
 Ақынның қай тақырыпқа жазған өлеңдеріне көңіл аударсақ та, одан азаматтық пейіл мен мейірбан жүрек лүпілін сеземіз.
Сағи Жиенбаевтың қаламынан шыққан өлеңдерінің ішінде адам жанын баурап алатын жанарыңа жас боп келіп, көңіліңе сағыныш,  мұң ұялататын өлеңдері аяулы аналар мен ауыл қарттары жайындағы  «Ана қолы», «Әже мен немере», «Ауыл қарттары», «Әженің арқасы» т.б. өлеңдерін атауға болады. Қазір сондай өлеңдерінің бірі «Ауыл қарттарын» балалар кітапханасының қызметкері Э.Сматуллаева тарту етеді.
Сағи Жиенбаев «Әже мен немере», оқитын Еркін Әбілғазин.
Сағи Жиенбаев «Дос туралы», оқитын
Белгілі актер Досқан Жолжақсыновтың әнімен орындалып жүрген осы әннің байтақ елімізге тарап, жұртшылықтың көңілінен шығып жүргенін білесіздер.
Адамзат үшін, ақындар үшін мәңгі тозбайтын махабатты жырлаған өлеңдерінде де Сағидың лирикалық қаһарманы өзгеше көрінеді. Сондай «Көктемнің балғын кезі еді» атты өлеңдерінің бірінен ақынның ақ адал махаббат тілінде ғана емес жүрегінің терең түкпірінде екенін көрсетеді. Осы өлеңді қазір назарларыңызға кітапханашы Мейрамгүл Макамбетова ұсынады.
Жастық шақ, махаббат лирикасына ақын кейін де талай оралып , назды да сазды, нұрлы да сырлы көптеген өлеңдер жазды.
Сыршыл ақынның аға-бауыр, сәби, дос-туыс жайындағы бір алуан өлеңдері де адал қарым – қатынасты еске салып, кінәратсыз достыққа шақырып тұрғандай. Оның «Бауырлар» атты өлеңіне зер салсақ, ауылдағы қой бағып жүрген екі баланың ауа – райының қатал кезеңіне, көз аштырмайтын боранға тап болып бірін-бірі сүйрелеп, қайткенде де ағасы үлкендігін жасап өзі құрбан болып, інісін аман алып қалады. Осындай өкінішті оқиғаны аяулы бір тебіреніспен жырлаған  ақын,  өлеңінде  жас ұрпақты бауырмалдыққа, үлкен мейрімділікке шақырады.
Енді осы С.Жиенбаевтың «Бауырлар» өлеңін  қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Г.Жанабергенова оқып береді.
С.Жиенбаевтың өлеңі «Алғаш рет», оқитын жасөспірімдер кітапханасының маманы Нұрбақыт Ешова.
Осындай тас жүректі жібітіп, сезіміңді тербейтін жыр шумақтары жадыңда мәңгі сақталады. Жылдар өтсе де ұмытылмайды. «Ақынның хаты өлмейді» дегендей, Сағидың  есімін жыл өткен сайын жарқырата беретін де осы өлеңдері.
Сәлем айт туған ауылға,
Ағайын-туыс бауырға,
Өзім де барып қайтармын
Көргенше аман бол, жан ана...-деп өлмейтұғын артына сөз қалдырған бүгінгі «Сағидың шуақты мөлдір жылдары» атты поэзия кешімізді жабық деп жариялаймыз. Сау-саламатта болыңыздар.














































Комментариев нет:

Отправить комментарий