Жазушы Тобық Жармағамбетов туралы естеліктер
Мұғалжар өңірінің журналисттік саласында көп жылдар еңбек сіңірген, ақын, Казақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық "Мұғалжар " газетінің бас редакторы қызметін атқарған, бүгінде ардагер-журналист Қуаныш Кенжеғалиев жазушы Тобық Жармағамбетовтің көзін көрген және оның кітаптарын сүйіп оқитын оқырман ретінде ол туралы естеліктерімен сыр шертеді.
Сұхбатты жүргізуші Қандыағаш қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Гүлнар Жанабергенова.
Қенжеғалиев Қ. Бесқонақ-бесқонақ па? //Мұғалжар.-2014.-3 сәуір.-5 бет
" ...Тобық ағаның осы әңгімесінен алған әсерім қаншалықты мол десеңші, "Бесқонақ деген не?" деген жұрттың сауалына осы әңгімені айтып,жауап беретін болдым."
Қуаныш Кенжеғалиев
Тобық туралы көптеген естеліктерде жазушының адами, қаламгерлік келбеттері оның замандастары көзімен бейнеленіп, артында қалған мұрасының бағасы беріледі.
Жазушы Тобық Жармағамбетовтың туғанына 75 жыл
Биыл 85 жасқа толып жатқан «Ақтөбе» газетіне «Коммунизм жолы» атанған кешегі күндері жолшыбай ат шалдырғандар да, тапжылмай таза қызмет еткендер де аз емес еді. Көп жүріп, аз тер төккендер де; аз жүріп, көп шаруаның басын қайырғандар да болғаны және даусыз. Тіпті қазір тізім бойынша түгендемесең, сол жұрағаттың баршасын бірден тап басып айта салу да қиын. Ал газеттің кешегі көне көздері де, бүгінгі жас буыны да бұл ұжымның бір мүшесі болған бір есімді жаңылмай айтады. Ол — жазушы Тобық Жармағамбетов.
1994 жылы өзі жоқ болса да, өзгеше мәнерлі прозалық шығармалары ортамызда қалған жазушы Тобық Жармағамбетовтың 60 жылдық тойы облысымыздың көлемінде кең аталып өтті. Туындылары тағы да бір сөз болды, естеліктер айтылды. Кейін сол тойда айтылған тілектердің бір белгісіндей болып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Байғанин ауданындағы №2 Қарауылкелді орта мектебіне жазушы Тобық Жармағамбетовтың есімі берілді.. Сол жылы жазылған естеліктердің бірі былай өрбіп еді:
«…Бәрі де күні кешегідей көрінеді әлі. «Жазушы Тобық Жармағамбетов университет бітіріп келіп, Жарқамыс орта мектебінде әдебиеттен сабақ беріп жүр» деген Жем өзені бойынан шыққан шолақ хабар төменгі ауылдағы біздерге, Сағыз өзені бойындағыларға, жолшыбай өсіп, молайып жетуші еді. Бұрын тірі жазушы көрмеген біздей бозымдарға Тоқаң көктен түскендей елестеді. Соның алдында ғана «Жұлдыз» журналынан «Екі жүрек» атты әңгімесін қолдан-қолға тигізбей оқығанбыз. Біздің ауылдар сықылды қала тіршілігінен түйе мойыны тәрізді созылып алыс біткен «азиялық» деп айтуға жарарлық жырақ жатқан өлкеде туып, содан жазушы болып шығу, иә, сөзі тасқа басылуы ғажайыптың ғажайыбы сықылданатын. Біз шіркіндер о тұста «ақын-жазушы» дегендердің аяғы жер басып жүреді деп ойламайтынбыз. Ал университет дегеннің үйі, әрине, жерден жоғарырақ, кем дегенде, басы ақ бұлттардың арасында тұратын, ал Мұхтар Әуезовтер бір құдірет күшпен сол үйден маңғаз басып, баппен шығып, бұлттардың арасынан жерге түсетіндей сезінетінбіз. Енді сол Әуезовтен оқып келген Тобық Жармағамбетов біздің көз шарамызға сыймастай, сыйған күнде де аудан үшін айтып сөз жетпес бақ-бақыт екеніне бізде еш күмән болған емес. Тіпті, «Жарқамыс орта мектебінде он жыл бойы оқып, қайтып оралып, сол мектепте мұғалімдік жасап, әдебиет үйірмесін ашып, сол үйірмеде Өтежан Нұрғалиевтер жүр» дегенді естіген сайын біздің Қарауылкелді орта мектебі қасқа болып, көп нәрседен құр қалғандай, азайып жүруші едім.
…Сол Тобық Өтежан Нұрғалиевқа, Есенбай Дүйсенбаевқа, Қажығали Мұқанбетқалиевқа да аға болды. Біздер Тоқаңа ұқсап университет бітіріп, Тоқаңа ұқсап ақын-жазушы болу мүмкін екендігіне байқай келе көзіміз жетті. Ал осы аз үлгі ме?
…Тобық Жармағамбетов — қазақ ұлтының кешегісі ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға.» Қазір арамызда жоқ белгілі қазақ ақыны, Тоқаңмен дәм-тұздас болған Сәбит Баймолдин сол 1994 жылы осылай қалам тербеген екен.
Ал жазушы Тобық алпыс пен елу дегеніңіз не, қырық жасқа да жетпей, 39 жасқа толар шағында өмірден өтіп еді.
Қазіргідей кім көрінген естелік шығарып, кім көрінген өлең құрайтын мына заманнан әлдеқайда естілеу, тасқа басылған сөздің қадірі басқаша бағаланатын шақта, қысқа ғана 39 жас ғұмырында, Ақтөбеде жүріп, Алматыдағы, ең болмаса, есігінен сығалауға екінің бірінің батылы жетпейтін «Жазушы» баспасынан үш кітап шығарған Тобық жазушы туралы қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі Мағзом Сүндетов былай деп еске алғаны бар-ды:
«…Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, балаңдық, тәжірибесіздік, жастық дегенді сезбей, бірден дарын иесілігін танытып, кемелденіп, сонау алпысыншы жылдардың басында келді. «Екі жүрек» әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланып, көпшілікті елеңдетіп үлгермей, «Отамалы» әңгімесі таңдандырып, тамсандырып жатты. Соның алдында ғана «Жол басы» атты жинақ шығып, Тобық маған телефон соғып қуанышын білдірген еді. «Мақа, осы үркердей топ мықты суреткер болады» деді; мен баспагер ретінде рахмет айтып, тағы да бір жас дарындардың ең таңдаулы әңгімелерін қосып топтама дайындамақ екенімізді, соған «Отамалыны» ұсынбақтығымды аңдаттым», — дей келе ол одан кейінгі жайдың әңгімесін былай жалғайды: «…Талқылау қызу өтті. Тобық Жармағамбетов, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Ерғали Ахметов, Қарауылбек Қазиев, тағы басқалардың әңгімелері жақсы бағаланды. Әсіресе, ауызға көп алынған Тобық болды…»
Университет бітірген шақта жазушылығы көзге ұрып тұрған Тобық Алматыда қала алмады. Қызыл дипломымен бір кезде өзі оқыған мектепке оралды. Соғыс жылдарына тап болған балалық, әкеден күдер үздірген қара қағаз, қаршадайынан мойнына мінген ауыртпалық оның қыр соңынан қалған жоқ. Өз қолы өз аузына жеткен осы шақта, ол енді өзінен кейінгі үш қарындасы мен науқас анасының қамы үшін Жарқамысқа қайта оралып, күйбең тірлікке қайта кірісті. Бұл шешімнің әдебиеттің дәмін білетін жұртшылыққа қалай әсер еткенін жоғарыда келтірілген Сәбит Баймолдинның естелігінен анық аңғаруға болады.
Тоқаңның қарындасы Әсем апай кейін ағасының архивін ақтарып отырып, Тоқаңның өз қолымен жазған мына өлеңін тауып алыпты. Өлең Тоқаң университет бітіретін 1957 жылы 28 наурызда жазылған екен.
Жарқамыс деген бір жер бар,
Жанынан аққан күміс Жем!
Сол жерде мен асыр сап,
Сол Жемнен мен су ішкем.
Албырт жел күй ойнақтап,
Арқамнан қаққан сол жерде.
Қырда өскен қызыл қызғалдақ
Ырғала басқан сол жерде.
Баурайы балған бал құрақ,
Ибалы қыздай иілген.
Ғашық боп бұлты балбырап,
Көз тігіп көктен күйінген.
Бұлағы сыңғыр жұмбақтап,
Сыбырлап бір наз шертетін.
Көк бұлты қалқып сыр сақтап,
Көңілді жүйрік ертетін.
Ғашық боп көктем күн сүйген,
Балауса құрақ бас иген,
Аруана нардай Жем иген —
Жарқамыс деген бір жер бар!
Осы өлеңнің астына жазушы «Повесть жазу ойда» деген ескертпе де жазыпты. Расында да сол повесть жазылды, және бір емес, бірнеше повесть, көптеген әңгімелер жазылды. Себебі Тобық Жармағамбетовтың бірін-бірі жанашырлықпен жетелеп отырған шығармаларында өзі туып-өскен ауылдың адамдары мен таныс тағдырлар сезімтал білгірлікпен, ерекше махаббатпен баяндалатыны жиі әңгімеленеді.
Айталық, «Қара жаңбыр» повесін жазушы соғыс кезіндегі өз отбасының тірлігі арқылы айшықтап шыққан. Бала Нияз — Тобықтың өз прототипі, Мырзаш — әкесі Мырзағұл, Нұрбике — анасы Нұрбибі, Ағлағыл кемпір — әжесі Ағлақ, ал Әдемі, Сұлушаш, Тілекгүл — соңынан ерген үш қарындасы.
Осы повесть жайында жетпісінші жылдары сол кездегі жас қаламгер, қазіргі белгілі жазушы Мәди Айымбетов былай деп жазғаны бар:
«…Соғыстың ызғарынан көңілдері жүдеген, бірақ жақсы үмітпен тіршіліктің отын маздатып жүрген адамдардың тұрмысы, қам-харекеті, шалғайдағы ауылдың тұтастай бір өмірі — «Қара жаңбыр» повесінің тақырыбы. Бұл тақырып бір қарағанда бұрын көп жазылып жүрген, жаңалық табу қиын сияқты көрінуі де мүмкін. Рас, сол кездегі өмір шындығын жазушы басқаша өзгерте алмайды. Бірақ, өзгерте алмаушылық — қайталау емес. «Қара жаңбырда», біздіңше, бұрын таптаурын болған жайларды қайталау жоқ. Повестегі орталық кейіпкерлер — кәрі кемпір Ағлағыл мен оның бауырына басқан немересі Нияз деген кішкене бала уақыт фонына жазылған жанды образдар. Кәрі ана өмірдің ащы-тұщысын көп татқан екі ғасырдың куәгері. Ол көп жасаған емендей сіңірлі, терең тамырлы…»
Жазушының «Майлыаяқ» хикаясын алайық. Бұл да нақты дерекке құрылған шығарма екен. Жазушының қарындасы Әсем: «Адамнан зият, аса сезімтал Майлыаяқ деген итіміз болды», — деп еске алады. Жарқамыс ауылының тіршілігі қожайынына сүйкімді осы күшік-иттің көзімен берілетін туынды кісілік мейірім мен пенделік қатыгездікті таразыға тартып берген тумысы бөлек дүние. Аш күшіктің, аңғал тіршілік иесінің қожайынынан айырылғаннан соңғы көрген күні мен ақтық демін алар сәттегі жан бұлқынысы сезімтал көңілді астан-кестен етеді.
Жазушының ауылында бірге өсіп-өнгендер оның көптеген шығармаларынан өздеріне етене жақын кейіпкерлерді, таныс табиғаттың суреттерін айқын аңғарып отырады екен.
Таланты осылайша бұлықсып тұрған жазушы Жарқамыста біржола қалып қойған да жоқ. Әуелі Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газеті, одан соң жаңадан ашылған облыстық телевизия студиясы, облыстық «Коммунизм жолы» газеті, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы тәрізді баспалдақтарды аттады.
Жазушының қызметтегі баспалдақтары тәрізді тума талантының жапырақтары да аса бір сәнділікпен жайқала бастап еді. Сол тұста қазақ жұрты маңдайына басқан жалғыз көркем әдебиет баспасы — «Жазушыдан» 1966 жылы «Нәзік бұлттар», 1968 жылы «Екі жүрек», 1970 жылы «Сентябрь түні» деген атаулармен повесть, әңгімелер кітаптары бұрқырап шыға бастады. Тоқаңның алғашқы туындыларынан бастап қолынан өткізген жазушы Мағзом Сүндетов куәлік еткендей, «Тобық Жармағамбетовтың шығармалары әдебиет сүйер қауымның, сыншылардың назарынан бірде-бір сыртқары, қағажу қалған емес. «Темірді қызу кезінде соқ» дегендей, атым көптің аузына бір ілінді ғой деп ол асығып жазып, келеңсіз қылық танытпай, әр шығармасына үлкен жауапкершілікпен қараумен болды».
Бірақ, салтанаты келіскен сапар күрт үзілді. Жазушы Тобық Жармағамбетов 1973 жылы 1 қазанда қыршын жасында дүниеден өтті. Ол енді он бес күннен соң 39 жасқа толмақ еді…
Ал жазушының соңында қолжазбалары — екі повесі мен он үш әңгімесі қалды. 1977 жылы сол қолжазбаны «Жазушы» баспасы «Соңғы хат» деген атпен қалың оқырманға 50 мың дана таралыммен ұсынды. Кітап аннотациясы былай деді:
«Тобық Жармағамбетов оқушы қауымды өзіндік үнімен селт еткізіп, жұртшылықтың мол ықылас-пейіліне ие болып келе жатқан жазушы еді. Оның жаңа басталып келе жатқан творчествосы әдебиетіміздің мөлдір бір бұлағындай сылдырлаған нәзік әуен танытқан. Аз өмірінің ішінде беріп үлгерген алғашқы кітаптары осының куәсі еді. Өкінішке орай оның арман-мақсаты биік творчестволық жолы ұзақ болмады. Нағыз гүлдеп келе жатқан шағында қыршын кетті. Алайда артында аз да болса асыл еңбектері қалды. Бұл жинаққа Тобықтың бұрын жарияланбаған бір топ повестері мен әңгімелері енді. Бұл шығармаларының негізгі тақырыбы — адамгершілік, достық, айнымас махаббат».
Бұдан кейін жазушының шығармаларын сол «Жазушы» баспасы 1984 жылы «Ақ жауын» деген атпен бір томдық етіп ұсынды. Ал 2002 жылы «Раритет» баспасы — бір кезде Тобықтың «Отамалы» әңгімесіне: «Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі — бір әңгіменің бойында қанша дәру», — деп баға берген зиялы сыншы Зейнолла Серікқалиев құрған баспа Тоқаңның шәкірті болған қазақтың қадірменді ақыны Есенбай Дүйсенбайұлының құрастыруымен жазушының «Отамалы» атты кітабын шығарып, «Кейіпкерлерінің имани тазалығы, ізгілік ойлары, аңызға айналған сыршылдығымен оқушыларымыздың талай ұрпағына қызмет етер Тобық Жармағамбетовтың бұл кітабы көп томдық «Қазақ прозасы қазынасынан» сериясына ел ықыласын аударар ырысты басылымдардың бірі болар деп ойлаймыз», — деген анықтамасын қоса жазды.
…Жазушының баспадан алғаш жарық көрген «Нәзік бұлттар» повесі расында да жүрек тербейтін нәзік лирикасымен сол тұстағы үлкенді-кішілі оқырманды дүр сілкінтіп еді. Мұқабасы көгілдір бояумен әрленген сол повесть қанша жыл өтсе де, көңілден кеткен емес. Жоғарыда айтылған шақта, жазушының алпыс жылдығы мерейленген тұста қағазға түскен өлеңімізді біз де «Нәзік бұлттар» деп атағанбыз. Бүгінгі сөзді сол өлеңмен қайырудың реті келіп тұр.
Бұлттар, бұлттар… көшеді, ағылады,
Ал мен ойға батамын мағыналы.
Ақтөбенің бұлттары, (білесіз бе?),
Жарқамыстың бұлттарын сағынады.
Ал мен ойға батамын мағыналы.
Ақтөбенің бұлттары, (білесіз бе?),
Жарқамыстың бұлттарын сағынады.
Ақтөбенің бұлттары болып алаң,
Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық ағаң?»
…Тобық ағам, әрине, Жарқамыста,
Жарқамыстың бұлттары толық аман.
Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық ағаң?»
…Тобық ағам, әрине, Жарқамыста,
Жарқамыстың бұлттары толық аман.
Келтірген жоқ әзірге кесел Адам —
Жарқамыстың бұлттары есен-аман.
Жарқамыстың бұлттары есен-аман,
Сыбдыр-сыбдыр сыр айтты кеше маған.
Жарқамыстың бұлттары есен-аман.
Жарқамыстың бұлттары есен-аман,
Сыбдыр-сыбдыр сыр айтты кеше маған.
«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі,
Несібеміз Жердегі толық,» — деді.
«Есіміміз біздердің — «Нәзік бұлттар»,
Есім берген ағамыз — Тобық,» — деді.
Несібеміз Жердегі толық,» — деді.
«Есіміміз біздердің — «Нәзік бұлттар»,
Есім берген ағамыз — Тобық,» — деді.
Нәзік бұлттар сонан соң… үндемеді,
Бәрімізге белгілі бұл дерегі.
Жарқамыстың бұлттары — Нәзік бұлттар,
Бұлар — барлық бұлттардың жүлдегері.
Бәрімізге белгілі бұл дерегі.
Жарқамыстың бұлттары — Нәзік бұлттар,
Бұлар — барлық бұлттардың жүлдегері.
Кей күндері жүрсе де түртіп ызғар,
Біз тіріміз: ой — биік, тұрқымыз — нар.
…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,
Жарқамыста меншікті бұлтыңыз бар.
Қимас күндер шегінді, қалды алыста,
Тылсым әлем толып тұр таңданысқа.
…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,
Нәзік бұлттар өте көп Жарқамыста.
Ертай АШЫҚБАЕВ.
Жалғыз досым — Тобық
М.Горький қайтыс болғанда, оның баласы (Пешков) әкесі туралы кітап жазғысы келеді. Сонда бір ақылды адам оған: «Өзің білесің. Бірақ әдетте жазушының ішкі дүниесін, оның творчестволық азап-бейнетін жетік түсінетін, білетін — өзі секілді басқа қаламгер ғана», — депті-міс.
Осыған орай, талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың көз тартар творчествосы туралы, әрине, оның өзіне сай қаламгер жазғаны оңтайлы. Ал егер «оқырман да құр қол емес, оның да пікірін білу артық болмас» десеңіз, онда өз қара басымның айтары былай: «Кезінде, қазақ әдебиеті алаңын құнарлы тілімен құйындатып өткен ерекше бір құбылыс болды: ол — Тобық Жармағамбетов». Ал енді ол құбылысты зерттеу, сараптап-сынау —кәсіби мамандардың өрісі (солай болып та жатыр).
Сондықтан бүгінгі таңда мен Тобықтың көпшілікке аян-баян емес бозбала кезі, оның студенттік шағы туралы әңгіме қозғайын.
Тобықпен алғаш танысқанда, біз 13-14 жаста едік. Содан, ол көз жұмып кеткенге дейін (1973 жыл) біздің қарым-қатынас үзілген жоқ. Оның бергі жағында қаншама заң өзгерді, заман өзгерді? Енді өткенге осы биіктік тұрғысынан қарасаң, кешегі орыс мәдениетіне шоқынған пендешілік өмірдің салдарынан, иек астында байқалмай, бейқам жатқан көптеген заттар көзіңе шалынады, мысалы, «алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дегендей, өз тіліміздің дәулет-байлығын шашыратып ала жаздағанымыз… «Тәрбие тілден басталады» деп, атамыз айтпап па еді? Абай атамыздың да өсиеті солай — алдымен өз тіліңді жетік білу, сосын ғана басқа мәдениетті игеру. Ана тілі — Абай сияқты данышпандардың рухани анасы!
Оны мен неге айтып отырмын? Айтайық, осы Тобық іс жүзінде белгілі жазушы бола алар ма еді, егер ол орыс тілінің топансуы астында қалып, тілі күрмелген шала қазақ болса? Әрине, талантты адам түбінде бір жерден тесіп шығады, бірақ әлгі айтқан деңгейге оның жетіп-жетпеуі неғайбыл… Құдай қолдап, Тобық жастайынан ата жолынан тайған жоқ. Неге десең, оның туып-өскен жері әрдайым да тұнып тұрған Ана тілінің ұйытқысы, тасып тұрған тайқазаны болды.
Ғылым баяғыда дәлелдеді, кісі (личность) жастайынан, бозбала кезінде-ақ қалыптаса бастайды. Егер ол жасөспірім, оған қоса басалқы жаратылуынан ұқыпты, талапты болса, онда оған —өмірдің өзі-ақ ұстаз! Ол таңданған көзімен жан-жағына қарайды, сонда көз алдында тұратыны: ғажап жарық дүние, көгерген көктемімен, аппақ,жапалаққарлықысыменен құбылып тұрған жаратылыс — ол табиғат байлығы! Енді үйде де, дүзде де, ұйықтасаң да, оянсаң да — сен ылғи Ана тілінің аяулы аймағында, әрбір сәт сайын оның өшпес тәрбиесінде жүресің — олрухани байлық! О байлықтың құнарлы нәрі тыныс таппай, жұтқан ауамен бірге, тән-тұлғаңа, сана-сезіміңе сіңіп жатыр, әсіресе, намазшам кеште сабақ жаятын құнарлы әңгіме-дастан, ертегімен… Бар байлық сол Ана тілінде — тарих та, діл де, ой-өрісің де, сән-салтанат, әдет-ғұрпың да, ән-күйің де, тіпті қазақділді ерекше мәдениетің де…
Жалғыз-ақ тамшы судың дәмін татып, жер бетіне көлбіп жайылған судың ащы я тұщы екенін білесің.
Жалғыз-ақ тіл арқылы күллі адамзатқа ортақ асыл қасиеттерді табасың: ар-намыс, ұят, үміт, сенім, сағыныш, қайғыру, армандау, адамгершілік, атамекен жеріңе деген сүйіспеншілік, азатқұмарлық, достық, махаббат… Бұлардың бәрі аспандағы ай мен күндей — бүкіл адамзатқа ортақ дүние.
Айтқан сөзді құр босқа жаңғырық қылмай, мысалдармен қолдап-қолпаштайын.
Сұрапыл соғыстан кейін қаусап қалған ел… Жарқамыс — мәдени орталықтардан шалғай жатқан жер, «ұзын сирақ, қысқа тон» кедейшілікті айтпағанның өзінде, өз тарихың, елің, халқың туралы инеге іліп алар, таңдай татыр кітаптар жоқ (бірақ «Молодая гвардия» сияқты қазақшаға аударылған не сол тақырыпқа байланысты қазақша кітаптар, әрине, болды. Ал қыршыннан кеткен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» шығармасы қолымызға түсе қалса, бізге бір апталық той-думан, қуаныш). Сонда, ауылдағы барлық рухани байлық — ол туған жерің, ақсақалдардың әңгіме-ертегісі, өз Ана тілің болды…
Тобықтың бір байлығы болды: ол әңгіме-ертекке бай, оның кемеңгер әжесі — Ақлақ! Көрдіңіз бе, оның есімі қандай, ә? Ақлақ — поэзия! Ол Тобыққа Арина Родионовнадан (Пушкин), я болмаса, Зере әжеден (Абай) кем түспейтін еді…
Намазшам бастап берген қараңғы кез… Ақлақ әже кепкен жусан жағып, қазанда құрт қайнатып отыр. Ол кісінің есімі сүйкімді болғанымен, таршылық заман қойсын ба — түсі суықтау болатын-ды, сондықтан мен одан әрдайым сескеніп отыратынмын. Ал Тобық — әжесінің еркесі, бірде оған кенет сұрақ қойды: «Әже, аспанда ешбір белдік-тірек жоқ, сонда ай неге ілініп тұр?», — деп. Менде үн жоқ, оның үстіне сонау алшақ жатқан айда менің тіпті шаруам да жоқ. Міне, екі баланың арасындағы айырмашылық қандай (шындығына келсек, мен 12-13 жасқа дейін «айкезбе» дейтін дертпен ауырғанмын; ай жарықта дала кезіп кететінмін… Енді мүшел жастың құдіретімен, қан тазарып, ол дерттен әрең-әрең айыққанмын, меніңше, айға сол табынғаным да жетеді).
Ақлақ әже: «Бұл дүниені, әйтеуір, бір ғаламат, ғажап күш ұстап тұр ғой, оған бастарыңды қатырмай, бауырларым, оның орнына сабақтарыңды оқыңдар», — дейді. Оған Тобық бола қоймайды. «Қазақ қит етсе «бауырым-бауырым» деп, шыға келеді, неге осы өкпем-қолқам, болмаса, қос бүйрегім деп айтпайды?» деп, әжесіне қадалады. «Осы кемпір енді бізге жекіп тастайды» деп, мен тыпырши бастаймын. Жо-оқ, әже ошаққа жусанды уыс-уысымен салыңқырай түсіп, сосын қайтадан жайғаса отырып, лапылдаған оттан көзін жазбай: «Сендер жігіт болып қалдыңдар ғой, керек десеңдер оны да айтайын… Лақап бойынша, құрсақта жаңадан жаралған балауса балада жүрек деген дүние болмайды, ол керекті қан қорегін кіндік шегі арқылы анасының бауырынан «тартып» алады. Сөйтіп, нәресте анасының бауырынан ауқат-қоректеніп, онан сайын нығая түседі. Оның қан айдайтын ет-жүрегі сосын ғана пайда болады. Сондықтан болар, қазақ жақсы көретін адамын әрдайым «бауырым» дейді».
Астағыпыралла!? Мінеки, саған, қазақтың анатомия пәні…
Ай жарық. Ауыл балаларымен ақсүйек ойнайтын уақыт та таяп қалды. Ол ойынға қыздар да келеді. Сондықтан мен, шоқ үстінде отырған адамдай мазам кетіп, асыға бастаған «жігітсымақ», енді мына әңгімеден кейін мелшиіп отыра бердім… Тобық та солай… Бірақ ол менің көңілімді аулады ма, «жүр, кетейік» деп, біз ойын алаңына қарай беттедік, ал әлгі айтылған әңгіме естен кетпей қойды…
Жол-жөнекей досымды суреттей кетейін. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» дегендей, Тобық — бойы тапалтақ, әлібозбала болса да, ірі басты, маңдайы кереқарыс, жазық,қошқар мұрынды еді. Мінезі шапшаңдау болғанымен, ретсіз ешкімнің сөзін бөлмейді, өзін-өзіне сай деңгейде ұстай біледі, ал енді оны біреу-міреу кекетіп-мұқатса, онда ол сол бойда өткір сөзбен жазасын алады. Тобықтың қуақылығы да мол еді, аяқ астынан ол қисынын тауып, айналасын ылғи күлдіре жүретін-ді… Орысша — душа компании.
Мектепте ол үздік оқыды (сол мектеп қазір Тобықтың есімімен аталады). Бірақ неге екенін білмеймін, мүмкін сол киелі жердің су-топырағынан болар, Тобық Ана тіліне байланысты пәндерді ынталана оқитын-ды. Ал мен болсам, о кезде кейбір сөздердің түпкі мағынасын Тобықтай дәл түсініп, сезбейтінмін. Оған дәлел — бастан өткен мынадай бір жәй. Бірде, біз Жем өзенінде шомылып жүргенде, мен өзімше мәнерлей сөйлеп: «Жемнің суы мөп-мөлдір, адамның көз жасындай екен» деймін ғой. Сонда Тобық былай деді: «Сәду, сен осы таяқты көп жемеген баласың, ә?». «Ол неге?» деймін.«Көздің жасы қанжылым қышқылдау, тұз татып келеді, ал, Жемнің суы — тұщы», —деді ол. Жетім баланың есі, әрине, ертерек кіреді, бірақ… мынау — ересек адамның сөзі ғой. Мен не айтарымды білмей, қысылып қалдым. Ішімнен ойлаймын: «Құрып қалғыр көздің жасы қышқыл екенін өзім де білем, неге ойланбай айттым?». Бұндай жерлерде, не істеріңді білмей, «жетім бала өжет» дегендей, булыққаннан, тіпті төбелескің де келіп тұрады. Бірақ оған тікелей себеп жоқ қой. Сосын, сәл сабырлық тұта, артынан барыпөзің түсінесің: «Апыр-ай, сенен біреу ақылдырақ болса да,адамның мазасы кетеді екен ғой»— деп. Аңдап-абайлап сөйлеуді алғаш рет мен досымнан үйрендім, бірақ, қалған жерде де осы қармаққа талай іліне жүрдім…
Тобықтың ол кездегі осалдау жері — осы орыс тілі болды. Құдай жалғап, біз 6-7-класста оқып жүргенде, Ақтөбеден Москалец деген мұғалім келді. Ол өзі пышақ салсаң да қазақша сөйлемейтін-ді. Сол «қырсық» мұғалім болмағанда, көптеген бала (қалалықжерге жеткенше) орыс тілінен қысыр қалатын еді. (Ғұмырында «тірі» орыс көрмеген, кейбір балалар оның өзгеше бет-әлпетіне, тұздай көзіне, ақселеу
тәрізді бозарған кірпік-қабақтарына таңдана қарап отырып, уақытын өткізіп алады). Сол Москалецтың «безбүйректігінен» бірнеше бала келесі класқа көше алмай қалды.
Осы арада менің ерекше айтайын дегенім: өзінің тілін сүйетін, оны жақсы білетін, ұшқыр ойлы адам басқа тілді де ынталанып игереді екен. Ол — Тобық. Сосын, меніңше, қазақтың жаратылысы — еліктегіш. Қазақтардың орыс тілін тез үйреніп алғаны, мүмкін, содан. Біз сол кезде — итальяндық кино көргендіктен бе, әлде, кездейсоқ кітаптан оқыдық па, әйтеуір, «тарантелла», «кампанелла» секілді сөздерді, олардың мағынасын түсінбесек те, сөз арасында қайта-қайта айта беретін едік. Мен сол сөздердің кейбірінің мағынасын осы күнге дейін білмеймін, білгім де келмейді. Неге десең, сөздікпен түрткілей берсең, олардың құпия-әсемділігі де беті ашылған қыздай, жұмбақ тәрізді сағым бейнелілігі жойылып кетеді; мен ол құлаққа жағымды сөздер «сол күйінде, Тобық екеуміздің таза балалық шағымыздай, бұзылмай-жарылмай, ғұмыры қала берсін» деп, ұйғардым…
Бірде — Тобық көз жұмғаннан кейін, шыдай алмай сөздіктен «тарантелла» деген сөздің мағынасын іздедім. Айтқанымдай, не болды? Итальяндықтардың ұғымы бойынша, қарақұрт (тарантул) шағып алған адам, тырысқақ дертке тап болып, оның аяқ-қолы ербеңдей бастайды; сол «секең-ербеңді» науқас бір ритмге салып, оны биге (танцы) айналдыра алса, онда ол осы аурудан айығып кетеді-міс. Осындай ритм-биді итальяндық жұрт «тарантелла» деп атап кеткен. Әр затты білген, әрине, дұрыс. Бірақ мен үшін бұның қызығы кетіп қалды… Содан кейін «кампанелла» деген сөздің мағынасын тіпті іздеуден қалдым. Осынау әсем әуенді сөз — Тоқаң екеуміздің балалық шағымыз сияқты, сол құпия-сағым күйінде ғұмырлық қалсын!
Бірге өскен жолдастар біледі, Тобықтың сол бозбала кезінен маған әсері зор болды. Мектепте жүргеннің өзінде ол тиіп-қашып, қалам түртіп, бірдемелерді жазып жүретін. Өзі ғана жазбайды, мені де қамшылайды. Мен мұғалімдердің үйге берген тапсырмасын (мазмұндама) әрең орындап жүрген жанмын, қалам түртуге тіпті мойным жар бермейді. Біз 15-16-ға, бозжігіт жасқа келіп қалдық. Бірде ғашық болған қызыма өлең жаздым. Сырласым жалғыз — Тобық, оған өлеңім ұнады. «Айттым ғой, сенен бірдеңе шығады» деп, соңыма түсіп алды. «Тобық-ау, мен жүрегім лүпілдеп, ішкен асым бойыма батпай, әбден қояншық бола жаздағасын ғана, осы өлеңді жаздым, менде алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ», — деймін…
Со бір кезеңдерде, Тобық жартылай өлең, жартылай қара сөз ғып жазған «шығармасын» маған көрсетті. Таң қалдым. Есімде қалғаны: әлемнің бір адам аяғы баспаған жерінде, таңғажайып гүл өсетін көрінеді. Ол гүлдің күлтебас жапырақтары тек азанда, тірі жан ұйқысын қимайтын кезде ғана ашылады; сосын көзді ашып-жұмғанша әлгі гүл күлтебасы қайтадан тез жабылып қалады. Сол қылдай уақытта, гүлдің құмырашығында жатқан нәрден дәм татып қалсаң, онда сен ұлы сезім — махаббатқа тап боласың. Ол үшін түнімен ұйықтамай, гүлдің ашылуын күзетуің керек, бірақ көпшілік, әдетте, балдай тәтті таңғы ұйқысын қимай, қалғып кетеді, сөйтіп, ол ұлы сезімнен құр қалады екен…
Содан, Тобыққа еліктеп (мені бұрыннан «Жайық-Қайық» деген егіздей ұқсас сөздер «мазалап» жүретін еді), мен де отыра қалып жұмбақ өлең жаздым. Дәл мәтіні есімде жоқ, бірақ жобалап айтсам:
Тасырлап таудан ағамын,
Бұза-жыра жағаны…
Жатсынбаймын даланы,
Кесіп өтем қаланы…
Басқы әріпті өзгертсең —
Су бетінде қалықтап,
жүзіп кете барамын.
Тобықтың айтуымен осы өлеңді «Қазақстан пионері» газетіне жібердік. Екі-үш айдан кейін (біз оны тіпті ұмытып кетіппіз), әлгі «дүние» жарияланды. Тобық соған менен артық қуанды.Нағыз дос бола білу, ол да — талант, яғни табиғат беретін қасиет. Обалы не керек, Тобық соңғы күндеріне дейін маған сеніп, «сенен бірдеңе шығады»деп, үміт артатын еді.Аяулы досым…
Екі-үш жылды артқа салғаннан кейін, мен Ақтөбеге жиналдым, оқуды сонда жалғастыратын болдым. Оның алдында Жем бойында тұрып, Тобық екеуміз «бір-бірімізге үзбей хат жазысып тұрамыз» деп ант бердік, (өзіміз сонда күліп те қоямыз: бұл баяғыдағы Торғай тауының басында Герцен мен Огаревтың өзара ант бергені сияқты болды ғой деп). Біздің хатты «басқа ешкім оқи алмасын» деп, Тобық шифр ойлап тапты, оның әбдені — әліпбидің әріптерін бірімен-бірін өзара алмастырып жіберу. Сол шифр бойынша, «Тобық» деген сөз «бақыт» деген түсінікке айналып кетеді. Мен осы балалық ойынымызды әңгіме ғып айтпас та едім, егер бұ шифрдың қырсықтау жалғасы болмаса?!. Ұзын сөздің қысқасы, артынан Ақтөбеден менің жазған хатымды бір мұғалім Тобықтың партасының үстінен көріп қалады да, сосын оны қолына алып оқып, «бақыт» деген сөзден басқа ештеңені түсінбей әуре болады. О замандағы ұстаздардың «әдептілігі» белгілі, ол «мынау не пәле?» деп, Тобықты қыспаққа алады. Тобық әбден сасқаннан соң, оған шифрды көрсетеді. Астағыпыралла, мұғалім ерінбей-жалықпай шифрмен хатты оқып шығады. Алдымен басын шайқап, күледі. Сосын Тобыққа жекиді: «Сендер не, шпионсыңдар ма?»…
Бірде қолымызға Ахмет Жұбановтың халық сазгерлері, ақын-әншілері туралы жазған кітабы түсті (Тобық қолына кітап түссе болды, әп-сәтте оқып тастайды, ал мен бірнеше күн мыжғылап жүремін). Сондықтан алдымен о кітапты Тобық оқыды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, досымның әлгі асыл дүниеден алған әсері сондай, бет-әлпеті шырайланып, жүрегі тулап, көздері жалын шашып, тіпті қияли адамға ұқсап кетті: «Ақсұңқардай аспанға атсам, бекіредей тұңғиық теңізге сүңгісем…». «Ау, мынау не айтып кетті» дегенімше болмай: «Осы данышпан күйші Құрманғазы да кезінде біз сияқты бала болды-ау, ә? Шүлдек қақты, асық ойнады», — деп, өз арманының соңынан өзі ұша, ілесе жүретін-ді. Сөйтіп, ол кітапты мен оқып болғанша, Тобық іштегі шерін шығарғандай, мазмұнын маған айтып та үлгерді. О, жалыны өшпес жайсаң жан!
…Тобық университетті қызыл дипломмен бітірді. Оқып жүріп-ақ, әңгімелер жаза бастады, оның тұңғышы —«Екі жүрек» —«Жұлдыз» журналында жарық көрді (Тобық мені әңгіменің бір кейіпкері ғып қойыпты), жас қаламгердің жазушылық бұғанасы содан кейін қата бастады…
Диплом қорғайтын күні ол мені арнайы шақырды. Ондай бақытты, өнегелі күнді лайымда ұмытпаспын. Тобық мінбеге шыға сала, өзі баяғыда армандаған сұңқарқұсындай, қос қанатын жая бере, құнарлы-құнарлы сөздерімен сайрай жөнелді, өзіне тапсырған диплом тақырыбын дәлелді, деректі тұжырымдаумен, оны сойған қойдай ғып, боршалап-боршалап тастады. Академик, профессорлардың барлық сұрақтарына мүлт етпестен жауап берді.
Тобықтың жетекшісі Зейнолла Қабдолов: «Тобық аспанға шарықтап бір ұшып алса, енді оны қайта шақырып жерге түсіру қиын», — деген наз білдірді. Тобық ойланбастан:«Ағай, алдымен аспанға шығып алайын, ал о биіктен дүрс етіп құлап түсу оп-оңай ғой»,— деп, тыңдаушы жұртты бір күлдірді (сол жылдары «Кенесары ханның» авторы қуғынға ұшырап жатқан-ды, жұрт есіне сол да түсіп кетті ме, кім біледі).
Енді, Тобыққа қойылған барлық сұрақ тәмам болды-ау деген кезде, кенет Е.Ысмайылов:«Дайындығың мығым жігіт екенсің, соған қарағанда, сен мына сұраққа жауап бере аласың, «әріптер осы неге дыбысты және дыбыссыз дауысқа бөлінеді?» деді. Аудитория іші тыныштала қалды. Менің таң қалғаным, Тобық осындай сауалдың түсетінін білгендей, кідірместен: «Ғалым адамдар баяғыдан әріптер жиынтығын осылай құрастырып, іріктеп қойған екен, сондықтан бұл мәселені мен онша көп қазбалай қойған жоқпын», — деді. Мен ішімнен тынып отырмын. Сөйткенше болмай, комиссия төрағасы С.Кеңесбаев қорытынды сөзін бастады: «Жарайсың Тобық, дипломды үздік қорғадың. Ал енді, әлгі соңғы сұрақтың жауабын автордың өзі де білмейді», — деп, қойып қалды. Мәссаған, безгелдек! Мен әскери тәртіппен қалыптасқан офицер, оқымыстылардың арасындағы мынадай сөз бостандығын естіп-көріп, аузымды ашып таң қалдым. «Нағыз демократия мына университет ауласында екен ғой, қап, әттеген-ай, баяғыда Тобық осы оқуға бірге кетейік дегенде, мен Мәскеу жаққа барам деп, досымның сөзіне көнбегенімді қарашы», — деп, сонда мықты өкіндім. Менің қалған ғұмырым әлі сол өкінішпен өтіп келеді…
…Тобық көз жұмар алдында маған хат жазды (Ақтөбеден Алматыға), мен оның хатына жауап бергенше болмай, қоңырау соқты… Ол менімен қоштасқаны екен. Содан іле-шала қайтыс болып кетті.
Біз Өтежан (Нұрғалиев) екеуміз Алматыдан аттанып, жанашыр жұртшылықпен қосыла, Тобықтың денесін Жарқамысқа жеткізіп, ата-бабамыздың жатқан киелі жерінде асыл жанды мәңгілік құшағына тапсырдық…
…Байғанин ауданының 80 жылдық тойы болғанда, мен Қарауылкелдіден аттың басын Жарқамысқа — досыма қарай бұрдым ( «өлі риза болмай, тірі байымайды»). Тобықтың басында құран оқып болғаннан соң, оған арнаған өлеңімді оқыдым.
Тобықтың баяғыда маған: «Сен қазақшылықтан жұрдай болған екенсің», — дегені бар-ды. Оған көнем. Ана тілінен адасып қала жаздадым…
Ас қайтара айтарым, неге Тобықты «жалғыз досым» деймін?
Шын достық — екі жанның еріксіз, бір-бірімен жіпсіз байлануы, ол аспанда ешбір арқан-шылбырсыз бірін-бірі тартып тұрған қос жұлдыз сияқты дүние; енді сен — Қытайда жүр, Қырымда жүр — сол достық шеңберінің «тұтқынынан» шыға алмайсың. Сол шеңберден шыққың да келмейді. Бұл арада ақыл үстемдігі — бәсең, ал жүрек сағынышы — әрдайым еріксіз басым. Сағынып кездесесің, түнімен кірпік қақпай әңгімелесесің —оны түсіндіру қиын, айдалада шаршап-шалдығып, екі жолаушының өзара қуана құшақтасқаны тәрізді.
Шын достық — екі жанның бірін-бірі тек «ымнан» түсіне қалуы, бір-біріне шексіз сенуі, тек Құдай алдында айтатын құпия-сырыңды — досыңа ақтара салу (қалған адамға оны айта алмайсың — жоғарыда көрсетілген көп нүктелер сияқты); шын достар қысылтаяң кезде біреуі үшін біреуі құрбан болып кетуі мүмкін, бірақ бірінің мойнына бірі пендешілік майда-шүйде жүкті артпайды — тіпті қарызға ақша сұрауға бетің бармайды.
Осындай қасиеттің бәрі Тобықтың тұлғасында болды. Құдай алдында айтсам: мен өз басымды ондай биіктіктен көре алмаймын, біздің достықтың ғұмырлық сақталуы Тобықтың ақылына, оның мыңқабат төзімділігіне байланысты. Қалай, енді, оны жалғыз досым демейсің?
Меніңше, ғұмырлық достық — махаббат сияқты — сирек кездеседі. Бұндай тұжырымға мен «Тобық» деген тұлға-құбылыс арқылы келдім…
Р.S. Тобық қайтыс болғаннан кейін ғана, мен қолыма қалам алдым. Алғашқытырнақалдым досым туралы болды: «Письмо другу – радугой» («Таңшолпан» журналы). Ол, бірақ достың орнын толтыра алмайды, тек жоқтау ғана…
Айтпақшы, естуімше, «Тобықтың Шыңғыс Айтматовқа жазған хаты бар» дейді. Жазушы Т.Жармағамбетовтың 80 жылдық мерейтойына орай Қырғызстан ресми түрде сұрау жіберсе — Айтматов архивінде бар ма, жоқ па?..
Сәду НҰРЖАУ,
Алматы қаласы
Алматы қаласы
Көпшіл еді-ау Тобық
Тобық әжептәуір спортшы, әрі аңшы да еді. Ол аудандық газетке келісімен балық аулау мен құс атуға жиі шығатын болдық. Тобық бізді әуелі үгіттейді, көнбесек, редақцияның алқам-салқам жеңіл машинасын есіктің алдына тақап, «әйда, мініңдер» деп зорлайтын. Бағымызға редакторымыз Қалдыбай нағыз қызба аңшының өзі болды. Осы кісінің қолдау-сеніміне сүйене ме, әйтеуір бізді әй-шайға қаратпай әкетеді. Бірде балық аулаудан олжалы қайттық та, осы күнгі «Ақжар» кеңшарының Ақтам дейтін ауылына түстендік. Тобық балықты үнемі өзі пісіріп, сорпа жасайтын. Ауылға жақындай бергенде сіркіреп жаңбыр жауды. Тобық «жаурап қалмас па екенбіз?» - деді.
- Қайдағы жаурағанды айтасың, жәйәншейін нәзік бұлттар ғой, нөсердің бұлты бөлек болар, - дедім мен.
– Не дедің, - деді Тобық бетіме тесіле қарап, - нәзік бұлттар, әй, нәзік бұлттар дейсің бе..
Тобық думаншыл, көпшіл, сонымен бірге туған жердің үлкен-кішісіне дейін жақсы көріп, сыйлайтын.Оның жүрек сырқатымен ауыратынын сол аудандық газетте бірге қызмет істеп жүрген кезден білетінмін. Бір күні ол облыстық газетте, редактордың бөлмесінде отыр екен. Беті-жүзі солғындау, ауырып тұрған адам сияқты көрінді. Әдеттегідей қауқылдасып амандаса алмадық. Байқаймын, маған өкпелейтін сияқты. Бір кезде сөзін жұлып алғандай бөліп: «Осы жылап жіберейін бе?» деді. «Неге?» дедім мен. «Мен бір апта қатты ауырдым ғой, неге соқпайсың?» деп қамықты ол. Мен бір апта бойы іссапармен Шалқар жерінде болғанымды айтып едім, көпке дейін сенбеді. Абырой болғанда лебізімді редактор қоштап, сол күндерде қалада болмағаным анықталды. Содан кейін ғана «сәлем-сауғаны да күтетін адамың болады ғой, ал екеуміз Жем өресінен емеспіз бе?» деп жылы шырай білдірді. Тобық ауылды, жер-суды, туған-туыс, жолдас-жораларын қатты сағынушы еді. Тобық тым суреткер, тілге бай жазушы еді ғой. Тобық дүниежүзілік әдебиет пен тарихты жетік білетін жазушы еді.Сондықтан да оның шығармалары басқалардан биіктеу тұрады. Тобықтың жарқын бейнесі, адамдық алтын қасиеттері, жазушылық шеберлігі оны білген, қызметтес болған адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады. Мен де солардың бірімін.
К. Бекмағанбет, журналист.
Аға альбомы
Тобық ағам қандай да мағыналы сәттерді есте қалдыруға мұқият қарайтын еді ғой. Сондай реттен де болар, бірде маған соле кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін әдемі альбом алып келіп берді. «Осыған жақсы күндердің күәсі болатын суреттерді сала бер, кеін жақсы естелік болады», - деген еді ол.
Жан ағамның артында қалған жәдігер сынды осы сый менің жанымнан қалған емес. Оның ішінде Тобық ағамның өміріне қатысты да көптеген суреттер бар.
Ағам өмірден өткелі қанша жыл болды, оның осы альбомды әкеліп берген сәті көз алдымнан кетер емес.
Ол осындай қимылдармен бізге тәлім-тәрбие беретін еді. Жақсылыққа қарай жетелейтін, әсемдікке баулитын.
Қазір де сол альбомды қолыма жиі ұстаймын. Тобық ағам туралы естеліктерді жинағанда да осы дүниеге көп үнілдік.
Аға берген альбом – мен үшін соншалықты ыстық жәдігер.
Әсем Жармағамбетова
Әшір әкелген кітап
Байғанин аудандық оқу бөлімінде оқу-тәрбие саласы бойынша аға инспектор болып қызмет жасаған Әшір Саламатовтың үйі бізбен іргелес көрші болатын. Сіз-біз дегендей аралас, келіншегі Несібелі, балалары да өз адамдарымыздай еді. Оның үстіне Әшір Тобықпен облысытық телестудияда бірге еңбек етті. Түрлі жұмыс реттерінде де бірге жүрді.
1974 жылдың күз айының бірінде Әшір күндегіден ерекшелеу, қолында жұқалтаң кітабы бар, арсалаңдап үйге келіп:
- Әсем апа, өзің білесің Тобық менің де қымбатты ағам еді ғой, - деді. – Қарашы, мына 5 класқа арналған дидактикалық материал кітабына Тобықтың шығармаларынан үш-төрт жерде үзінділер алып, мұғалімдерге көмекке ұсынылған. Талантты еді, өте бауырмал, үлкен жүректі, кең адам ғой. Тағдырға не істерсің?
Осылай деді де, сол қамығу қалпында қолындағы кітаптың бірінші бетін ашып, «Әсемге! Тобық талантына әр уақытта бас иетін інісі Әшірден» деп жазғанын көрсетіп, шығармаларынан алынған үзінділерге белгі қойып, кітапты маған ұсынды.
Сосын «Аяулы аға туралы менде үлкен бір еске алу жазатын көп ойлар бар», - деді-ау інісі Әшір де.
Көп ұзамай бұл азамат та өмірден өтті. Міне, тату көршім, әрі туған бауырымдай болған Әшірдің сол кітап беру сәтіндегі Тобыққа деген жүрекжарды ыстық ықыласы мен ниетін ағасына арналған кітапқа екеунің де әруағы, рухтары риза болсын деген оймен енгізуді жөн көрдім.
Әсем Мырзағұлқызы
Тобық Жармағамбетовтың қабірі басындағы сөз
Біз рухани көшбасымыздан айырылдық! Еңіреп қалған бізбіз. Тобықтың амандығына қуанушы едік, амандығы – дәулет еді, дәулетіміз жоқ, бір ауыз жылы сөзі – сыйлық еді, ол да жоқ . Тұлмыз. Айы жоқ қараңғы түн түсіп, қос өкпесі қарс айырылып, аңтарылып абдырап қалған біздерміз.
Біз бес-алтау едік. Тобық біздің амандығымызға қуанушы еді. Біздің бәріміз де Тобықтың алдында еңкейіп ауырып, еңсемізді Тобық сүйеп, жерге жолатпай көтеріп еді. Біздің алдымызда Тобық ауырып, біз оны істей алмай да қалдық, аянған жоқпыз, халқым. «Боздағым-ау, боздатып кеттің» деп тұрмыз.
Байганиндей алыс далада, түні қалың далада Тобық өктем жарқырап туды, біздер, бүгінгі дарын қонған Тобықтың әскерлері, сол жарыққа үймелеген көбелектер еді. Көбелек жарықты сүйіп қалай отқа ұрынса, біздің Тобыққа деген ішкі сезіміміз сондай қиямет-қайымға шыдайтын ерекше қимас сезім еді.
Тобық Байғанин ауданының әдебиетін жасады, біздің сол әдебиеттің қазанын асып-түсірісуге жинап алған еді. Байғанин топырағының мәдениетінде Тобықтың орны XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің қайсысы болсын, родоначальнигіндей орын еді. Байғанин әдебиетшілері деген рудың көсемі болды, абызы болды. Жақсылық-жамандықты соған жорытатын едік, аспанға ұмтылған біздер соған ғана бағынатынбыз, содан ғана қорқатынбыз.
Енді «Өмір деген өксігін баса алмастан жүр еді, өмірінің бар гүлін аша алмастан жүр еді» деп қалдық .
Аспанның тентек бұлты-ау, естисің бе сен мені, алжыған Жем-ау, естисің бе сен мені, жаппай бұғып жатқан өлі аруақтар, сендер де естіп жатырсыңдар. Тобығыма бас-көз бола гөр, табиғат. Тентек жел, тентектік жасама, абайла! Ақ жауын, алас ұрма, жапалақ қар, мазасын алма, абайла!
Қадірлі жолдастар, замандастар, амал нешік, дүние осындай: керуен қонады-көшеді. Қанағатымыз мынау: бекерге көшпейді. Бір ұрпақ аудан еңбекшілерін тәрбиелеп көшті. Тобық, оның елге сіңірген еңбегі-бізбіз, оның елге сіңірген еңбегі-бірнеше мың беттік әдебиеттегі хаты. Біз арманын айтамыз, шығармалары - өзі болып жүреді, өзі болып өмір сүреді. Тағдырға жүргізетін билігіміз осы ғана.
Халқым, айтайын дегенім осы. Сенің аруағындағы қорғай күн кешеміз, сенің әдебиеттегі орныңды талмай түсіндіре күн кешеміз.
Сен бізді өсірдің, сол үшін халық атынан, Тоқа, саған мың мәрте рахмет!.. Қайран азамат, қадірлі жазушы, жан Тоқа, хош, хош, хош!!!
Сәбит БАЙМОЛДИН, ақын
1973 жылдың қазан айы.
«Оны жазушы еткен — адамға деген сүйіспеншілік еді»
Тобық Жармағамбетовтің жары — Сәпия апаймен сұхбат:
— Көзі тірісінде Тобық ағамыздың төрт кітабы шықты. Одан кейін 1977 және 1984 жылдары жарық көрген кітаптарын баспаға сіз алып барғаныңызды білеміз. Ал сізді бұл іске бастаған кім? Жазушының іздеушісі, жоқтаушысы болған жандар кімдер — соны білгіміз келеді?
— Расымды айтсам, маған Тобықтың кітаптарын әкел деген ұсыныс түскен емес. Тобық — шығармашылығына қатты көңіл бөлген адам. Күндіз-түні жазудың соңында болды. Ол қайтыс болғаннан кейін, үш баламен жесір қалу маған оңай соқпады. Есімнен танып қалдым десем де болады. Бірақ Тобықтың өз шығармалары жолында қатты ізденгенін, бас алмай еңбектенгенін қалай ұмытайын? Бәрі көз алдымда тұрғандықтан ба, сол ес жимаған қалпымда, ең алдымен Тобықтың қағаздарын қолға алыппын. Оның өзі ешқашан тастамайтын үлкен бір қара сөмкесі (іші толы — қағаз) болатын және үйдегі диванның астында да бума-бума қағаз жататын. Сол қағаздарды жинап алып, жарыққа шыққан-шықпаған, аяқталған-аяқталмаған дүниелерді сұрыптауға кірістім. Арасында хаттар да бар. Әсіресе, қолжазбаларын машинкаға бастыру қиынға түсті. Өйткені оның жазуын түсінетін терушілер жоқтың қасы еді. Мұны Берқайыр Аманшинге жазған бір хатында өзі де айтады: «Мен де барлық повестерімді бітіріп, жіберіп отырмын. Кешігуімнің екі себебі болды: бірі — қалада қазақша басатын 4-5 машинистка ғана бар, солардың екеуі ғана дұрыс баса алады. Менің жазуым жаман болғасын, олар көпке дейін келісім бермеді. Диктовать етіп, әрі сұрап, бері сұрап, жартысын әрең басқыздым…». Осы хатта айтылған машинисткалардың бірі — облыстық «Коммунизм жолы» газетінде істеген Айман есімді апай еді. Сол кісіні тауып алып, «Тобық енді жоқ. Соңында қалған мұрасын жинап, реттеп қойсам деп едім. Соған көмектесіңіз» — дедім. Тобықтың қалай еңбектенгенін көрген жандардың бірі ғой, обалы не керек, апай өтінішімді жерге тастамай, бірден келісті. Біраз дүниесін машинкаға басып шықты. Басылған қағаздарды қайта оқып, қатесін қарап, күбірлеп жүремін де қоямын. Бұл жүрісіме түсінбей балалар аң-таң… Сөйтіп, бәрін реттегеннен кейін, аяқталған шығармаларды төрт папка етіп жинақтадым. Бұларда бұрынғы кітаптарына енген туындылары да, газет-журналдарға шыққанмен, кітаптарға енбей қалғандары да, сондай-ақ, мүлде жарық көрмегендері де бар.
Осы папкалардың үшеуін алып, Алматыға, өзі үнемі хабарласып тұратын «Жазушы» баспасына жөнелдім. Мені бұл сапарға алып шыққан — тез арада осы дүниелерді кітап етіп шығара қояйын деген мақсат емес, баспаға тапсырылған қағаздар, қайткенде де, әркімнің қолында кетпей, шашылып қалмай, сақтаулы тұрады ғой деген сенім еді. Бірақ баспаға кіргенде, қатты қобалжыдым: ешкімді танымаймын ғой? Жан-жағыма қарап келе жатсам, бір есіктен «Есенбай Дүйсенбаев» деген жазу көрінді. Сондағы қуанғаным-ай! Есенбай да қағаздарды көріп, қуанып: «дұрыс істепсіз» — деп жатыр. «Бірақ баспа директорына кіріп, жолығып шығу керек» — деді. Директордың алдында түске дейін отырғаныммен, кіре алмадым да, Есенбайға қайтып келдім: «Не де болса, ағаңның қағаздарын өзіңе тапсырдым. Мен Ақтөбеге, балаларға қайтайын» — дедім. Әрі қарайғы жұмыстарды Есенбай өзі реттеген болса керек: сол папкалардың біріншісі — 1977 жылы «Соңғы хат» деген атпен, екіншісі 1984 жылы «Ақ жауын» деген атпен кітап болып шықты. Екеуі де, менің және балалардың атына алдын ала келісім-шарт жіберіліп, «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ал үшінші папкадан хабар болмады. Кейінгі бір қиын кездерде одан күдер үзген де едік. Бірақ 2002 жылы оның да жоқ болып кетпей, «Отамалы» деген атпен кітап болып шыққанын көріп, қатты қуандық.
— «Раритет» баспасынан шыққан «Отамалы» ғой?
— Иә, сол. Бұл — Есенбайдың қолында қалған үшінші папка. Төртінші папка өзімде тұр. Тобықтың аяқтап кеткен дүниелерінің ешқайсысы да жоғалған жоқ. Ал жарық көрмеген бірен-саран әңгімелері (өзі «тағы бір қарауым керек» деп белгі соққан дүниелер бар), аяқтамаған шығармалары мен облыстық телевидениеде жүргенде жазған кинофильм сценарийлері де сақтаулы. Жоғалып кетпесін, шашылып қалмасын деп, оларды да жинақтап, тізімдеп, облыстық архивке өткізіп қойдым. Өзі сақтаған хаттары бар. Шыңғыс Айтматовқа жазған, бірақ жіберілмеген хатын өзі қайтыс болғаннан кейін, мыж-мыж күйінде тауып алдым. Оны да тастамай, әр әрпін «зерттеп», әр сөзіне қайта-қайта үңіліп отырып, көшіріп шықтым.— Жаңа сіз айтқан Берқайыр Аманшинге жазған хаты ше?
— Ол кісіге жолданған хаттың бір беті машинкаға екі дана болып басылған болса керек, сол бет сақталып қалыпты.
— Хатта кешігуімнің екі себебі болды дейді ғой. Екінші себепті білуімізге бола ма?
— «Екінші себеп — биыл жаз аурудан шықпадым. Жақында жүрегім қатты қысылып, бір айдай жаттым» — деп жазыпты. Иә, Тобық көп ауырды. Көзі тірісінде төрт кітабы жарық көрді дедің ғой. Солардың бәрін бір жағы аурумен алысып жүріп жазды. Өзі аурушаң адам, күндіз жұмыста болады, ал түнімен отырып, шығармаларын жазатын. «Өзіңді күтсеңші» — деп кейде ренжіп те қоямын. Бірақ ондайды ұнатпайтын. Жазбаса тұра алмайтын. «Ананы жазсам, мынаны жазсам» — деп, тыным таппайтын. Жоспарлары да өте көп болды. Міне, мына қағазда «Жазушы» баспасының бас редакторы Есет Әукебаевпен келісімге отырыпты. «Роман жазып, тапсырамын» дейді, тапсыру мерзімі — 1973 жылдың қарашасы, ал романның аты «Жалын мен оттан жаралған» деп көрсетілген. Ондағы ойы — Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының тарихы, жұмысшылары туралы жазу. Зауыттың алғашқы директоры Сорокин деген адам екенін, оның «қазір Челябинскіде тұратынын анықтадым» деп қатты қуанып айтқаны есімде. Челябинскіге тез барып келуім керек деп жоспарлады. Бірақ дерт меңдеп, екінші жағынан, қаржы мәселесі қинап, бара алмады. Айта кетейін, Тобық нақты оқиғаларды, нақты адамдарды жазғанды қалайтын.
— Тобық ағаның шығармалары, хаттары ғана емес, ол кісіге қатысты бүкіл қағазды жинап қойған секілдісіз?
— Бұл дүниеде әркімге әртүрлі байлық, әртүрлі бақыт бұйырады. Маған бұйырған байлық — осы қағаздар. Тобықтан қалған әр қағаз — мен үшін қымбат қазына.
— Қандай қасиетін ол кісінің ең басты қасиеті ретінде атар едіңіз?
— Ол адам атаулыны қатты жақсы көрді, жолында кезіккен жандардың бәріне де үлкен қамқорлықпен қарады. Тобыққа қосылғанға дейін мен жетімдікті, жоқшылықты көп көрдім. Ал Тобыққа қосылғаннан кейін жоқшылық көрмедік дей алмаймын, бірақ теңдессіз жанашыр жан таптым. Онымен өткізген 13 жылым — менің осы өмірдегі жетімдік көрмеген жылдарым. Ол маған жар ғана емес, әке де, аға да болды. «Оқуың керек» — деген Тобықтың кеңесімен Мәскеуге барып оқуға түстім. Мен алыс Мәскеуге кеткенде, үйдің, балалардың бейнетін өз мойнына алып қалды. Балаларын шексіз еркелетті. Саяны мойнынан түсірмейтін.
Ол адамдарды алаламайтын, бөліп-жармайтын. Өмірде жаман адам болады деп мүлде ойламайтын да секілді еді. Кейде көшеде келе жатып, бір кісімен сәлемдесіп, тіпті шүйіркелесіп тұрып алады. Соңынан: «Бұл кім?» — деп сұрасаң, білмеймін дейді. «Білмейтін адаммен сонша уақыт әңгімелесіп тұра ма екен?» — деп таңғаласың, кейде ренжіп те аласың. Сондайда бар айтатыны: «Адам бетіңе қарағаннан кейін, сәлемдеспей кетсең, көңілі қалмай ма?» — еді. Сол тұста Ақтөбеде базарда қайыр-садақа сұрап жүретін бір кемпір болды. Ұлты — қазақ. Қазақ арасында ондайлар жоқ кез ғой. Бір күні жұмыстан келсем, сол адам біздің үйде Тобықпен бірге шай ішіп отыр. Шошып кеттім. Кейін: «Мұның не?» — десем, «Ол да адам ғой, бір мезгіл оның да тағдырын, хал-жайын сұрауымыз керек» — деді…
Сол бейтаныс жандармен арадағы әңгімелерді кейін ол шығармаларында пайдаланған да болар деп ойлаймын. Бәлкім, оны жазушы еткен де — адамдарға деген ерекше сүйіспеншілігі болар?
— Қазақ қаламгерлері арасында Тобық ағаның айрықша тілеулес адамдары кімдер еді?
— Тобық Мағзұм Сүндетовті, Зейнолла Серікқалиевті ерекше жақсы көрді, солармен хат алысып тұратын. Тахауи Ахтановпен де хабарласып тұрды. Мұхтар Құрманәлинмен жақсы араласты.
— Жазушы Тобық Жармағамбетовтің мұрасы қаншалықты насихатталып жүр? Осы жағына көңіліңіз тола ма?
— Әдебиет сыншыларынан ол туралы бұрын Зейнолла Серікқалиев айтқан болатын. Ал жақында «Ақтөбе», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне шыққан Айгүл Кемелбаевның «Отамалы» эссесін оқып, қатты толқыдым. «Тобықтың заманы енді туды. 39 жаста өмірден озған жазушыға ықылас соңғы 40 жылда бәсең тартқандай болды. Бірақ өлі арыстаннан тірі тышқанды артық санау пиғылы әдебиетке өлсе жүрмейді» — деген жолдарды оқығанда, көзіме жас келді.
-Рас, жалпақ жұртқа жарияланбағанмен, Тобықтың шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация, диплом жұмыстарын жазған жастар баршылық. Архивтегі дүниелерді көру үшін менен рұқсат сұрап жатады. Гүлмира есімді баланың Түркістан жағынан келгені есімде. Кейіннен сол Гүлмираның Есенбай Дүйсенбаевтың қатысуымен «Шалқар» радиосынан Тобық туралы жақсы хабар берілді. «Ақтөбе» газеті де әрдайым Тобықтың іздеушісі болумен келеді. Менің ешкімге өкпем жоқ. Тобықтың шығармаларын қалың оқырман іздесе, оқыса, ең бастысы — сол…
Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.
АҒА ЖАЙЫНДА ЕСТЕЛІК НЕМЕСЕ АРЗУ
Әсем ЖАРМАҒАМБЕТОВА
(Т. Жармағамбетовтың қарындасы)
(Т. Жармағамбетовтың қарындасы)
Көзімізді ашқаннан, көргеніміз: жоқшылық, жетімдік, жалғыздық. Осының бәрін бастан өткеріп, азабына көніп, енді ғана алдан жарық сәуле көрінген сәтте арқаңды сүйеген, жел жағыңа ық болған абзал ағаның бізді тастап кете барғаны қалай деп қабырғам қарс айырылған еді. Осы күнге дейін санамды тілгілеп, сабырға тоқтағысы келмейтін мендегі мазасыз бір ойдың ұштығы осында.
Қалай десек те, өмірдің өтері, пенде атаулының пәниден бақиға, әйтеуір сағаты соққан сәтте қоныс аударатыны ақиқат. Солай десек те, ажалдың азабына көну, ақиқатын мойындау – ауырдың ауыры екен. Тоқтамға көнетін, тәубеге келгіш халықпыз ғой. Сүйікті ағайымның мәңгілік сапарына қаншалықты сенбей, бір келіп қалатындай екі көзім төрт болғанымен, уақыт мойындатады екен. Тек бір ғана тәубе ететінім – ағамның артында із қалғандығы.
Тобық ағамның тірліктегі серігі, аяулы жеңгем Сапия асылдың сынықтарын – Марат, Серік, Саяны қатарынан кем қылмай жеткізіп, әке мұрасын ұмыттырмай өсірді. Оған сол үшін де шексіз ризамын. Осылайша Жармағамбетовтер әулетінің оты өшпей, шырағы сөнбей келе жатқаны – менің үлкен бір тәубам – осы.
Екіншіден, Тобық ағамның артында халықтың игілігіне жарайтын үлкен рухани дүниелердің қалуы. 1966 жылы жарық көрген «Нәзік бұлттардан» бастап, одан бергі «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат», «Ақ жауын» кітаптары оның ғұмырының жалғасы іспетті. Егер биылғы жылы ағамның алпыс жылдығы туралы сөз болып жатса, сөз жоқ, осы еңбектерінің бағасы.
Ағатайым туралы сөз қозғасам, көкірекке кептелер әңгіме көп, қайсыбірін айта берейін. Балалық шақтың біраз жәйттері есте тұр әлі күнге дейін. Ол қолы қалт еткенде кітап оқуға құмар еді. Шетел, орыс жазушыларының шығармаларын қызыға оқитын. Кітапқа үңілгенде бүкіл дүниені ұмытып, жан-тәнімен беріліп кететін. Бірде Александр Пушкиннің поэмаларын оқып отыр екен. «Аға, мына кітапты қалай түсініп оқып жатырсың» деп сұрап қоймап едім, келген жерін тырнағымен сызып белгіледі де: «Иә, айналайын, Пушкиннің өлеңдерін түсініп оқу оңайға түспейді. Бірақ шамалап ұғамын ғой», – деді. Сосын арқамнан қағып, әрі қарай заулатып оқи жөнелді. Оның кітап оқудағы табандылығы осындай еді.
Кітапқа қатысты тағы бір оқиға ойға оралады. Оныншы класқа өткен жылы еді. Бір күні екеуміз үйге керек-жарақ әкелу үшін дүкенге бардық. Киім-кешектің аз кезі ғой. Шұлық түсіп жатыр екен. Бұған мен қуанып кетіп: «Ағатай, шұлық сатып алайықшы» дедім. Ол үндемеді. Мен шыдамсызданып: «Екеумізге де керек қой» деп тағы нығарладым. Ол «Әзірге менде бар ғой» деді ме, маған екеуін алып берді. Енді кітап сататын бөлімге келдік. Ағай дүкеншіден оны-мұны сұрап жарты сағаттай айналды. Ақырында бір қолтық кітап алып шықты. «Кітап дегенің үйде толып тұрған жоқ па» деген менің наразылығыма: «Көкеш, сен үндеме, көптен бері түскен қызық кітаптар екен. Бүгін келмегенімде өтіп кететін түрі бар. Жолымыз болды», – деді балаша мәз болып.
Ол кітап оқымаған күні бірдеңем ұмыт қалғандай сезінемін деуші еді. Осының бәрі оның үлкен жазушылық жолға дайындығы екен ғой.
Кейін өзінің кітаптары да шыға бастады. Өзіне тән бір қасиеті, әр туындысы дүниеге келген сайын дос-жарандарына, тума-туыстарына қолтаңбасымен сыйға тартатын. Алғашқы кітабы «Нәзік бұлттар» 1966 жылы жарық көрді. Оны ағай маған почта арқылы жіберді. Сол кезде кітаптың алғашқы ашық бетінің жоғарғы жағына жазған сөздері маған соншалықты ой салмағандай, мән бермеген екенмін. Қазір қарасам, ағайымның ұп-ұзақ тарбита жазған жазуы да көзіме оттай басылып, сағынышқа толы сезімімді оятады.
Сол алғашқы кітабы шыққанда көп ұзатпай құтты болсын айтып, ағайымның үйіне бардым. Ол көңілді екен. Кітабына оң болсын айтқан құттықтау-телеграммалар Жарқамыс орта мектебінің оқытушылары мен оқушыларынан, дос-жолдастарынан ағылып келіп жатты. Халықтың мұндай ықылас білдіруі оған күш-қуат бергені, жаңа шығармалар жазуға құлшындырғаны анық.
Тобық ағам шығармашылық жұмысқа қанша беріліп, кіріскенімен, қандай сәтте де дос-жарандарынан бөлектене алмайтын, оларды аңсап отыратын. Сол тілегіне орай ма, тіршілікте достары да көп болды. Бірде жазу үстелінде қағазға шұқшиып отырды. Әлдебір дүние жазып жатқаны анық еді. Бірақ сол күні үйде тыныштық болмады. Қайта-қайта телефон қоңырауы шалынып, орнынан тұрып кете берді. Ол да ештеңе емес екен, біреулер келіп, біреулер кетіп, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жатты кейбіреулері. Ал, ағай болса, соның бәрімен де шұрқырасып амандасып, қарқылдап күліп қарсы алудан бір тынған жоқ. «Мына адамдар кімдер еді, ойыңды бөліп, жазуға мұрша бермеді ғой» деген менің қынжылысыма, сәл жылы жымиып: «Бәрі де менің достарым ғой, көкеш! Осылар неғұрлым көбірек келсе, көңілім көтеріліп, шабытым шалқып жүре береді» деген еді. Оның досқа деген көңілі осындай болатын.
Тобық ағаммен кішкентайдан бірге өскен досы Сламғали деген жігіт облыс орталығындағы ауруханаға жатып қалды. Оны мен ауылдан телефон арқылы ағама хабарладым. Ол сол бойда бүкіл қала ауруханаларын шарлап, Сламғалиды тауып алыпты.
Ол дос-жаранға осындай болғанда туыстыққа, бауырмалдыққа тіпті өліп-өшіп тұратын. Анда-санда алыстан сағынып келгенімізде жас балаша алдымыздан жүгіріп шығып, есікті де өзі ашатын. «Бауырларым келіп қалған екен ғой» деп жүзінен ерекше мейірім төгіліп, жайдарыланып сала беруші еді. Кейде тағдыр алғы күннің қам-қарекетіне орай қиюластыра береді екен ғой. Оның өмірінің соңғы жылының май мерекесі қарсаңында үш ауылға кеткен үш қарындасы – Сұлу, Тілектес және мен шақырулы қонақтай болып, бір мезгілде бауырымыздың үйінде бас қоса қалдық. Аяулы ағаның сол күнгі қуанышын көрсеңіз. Шәйді үлкен бөлмеге, жерге дастархан жайғызып, жасаттырды. «Жамбастап жатып шәй ішкенге не жетсін?» деп отырушы еді. «Бүгін төрт көзіміз түгелденген екен, барлық шаруаны жинап қойып, бәріміз естелік суретке түсейікші» деп ұсыныс жасады.
Мен он тоғыз жасымда басқа үйдің табалдырығын аттадым. Әрі абысыным, әрі енем болған Зылиха мені туған қызындай көрді. Талай қиындықты, жетімдікті бастан өткерген маған оның аялы алақаны сондай мейірімді еді. Ол Тобық ағам келгенде баласындай мәпелейтін. Қай кезден де көңілім бос, әрі өткенді ойлап жылай беретін болсам керек, Тобық ағам маған: «Көкеш, жыламасайшы, жеңешем маған да шеше. Апамды іздей беретінің не?» дейтін.
Тобық ағам соңғы рет қатты құлағанында, мен хабар келісімен жолға шығып кеттім де, мен кеткен соң екі сағаттан кейін оның өлімін естіртіпті ауылға. Сонда Зылиха апам «Баламдай болған жарығым» деп тынбастан жоқтау айтыпты. Осының бәрін ой елегінен өткізгенімде, адам әуелі тума-туысына қандай қадірлі болса, соларға ықыласын, ыстық пейілін ұсына білсе, осындай шапағаты айналасындағы қалың қауымға, жұртшылыққа да тиеді екен-ау деген тұжырымға келдім.
Сөз басында ағатайымның 1973 жылдың күзінде өмірден өткенін айттым. Ол кіндік қаны тамған жері Жарқамыста жерленді. Ақтөбеден көптеген жора-жолдастары келді. Байғанин ауданының сол кездегі басшысы Сматолла Беркімбаев еді. Ол ел азаматтарының басын құрап, үлкен азаматшылық жасады. Ағайын-тума, ел-жұрт аза тұтып, ақтық сапарға ағатайымды барлық рәсім-құрметін жасап шығарып салды.
Ағамның іске асырмақ арманы көп еді. Қайтыс боларынан төрт-бес ай бұрын бір сөзінде: «Біздің де Ақтөбе қаласына көшіп келгенімізге бірнеше жыл болыпты. Өзіме ыстық көрінетін қала жайлы әлі күнге дейін ештеңе жаза алмағаныма қысылып жүрмін. Кейде сырқаттанып қалып, тоғысқан ойларым тоқсан тарау болып кетеді. Дегенмен, уақыт тауып, осындағы ферросплав заводының жұмысшы-қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін романға лайықтап жазуға дайындалып жүрмін» деп еді. Ол ойы өзімен бірге кетті.
Биыл Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы сияқты азаматтардың қолдауымен Тобық ағамның кітабы шықты. Сол үшін азаматтарға мың алғыс. Бұл – аға мерейтойының басы деп білемін.
Өзінің туған ауылы Жарқамыста ағамның атында мектеп бар. Сол мектептің бір бұрышын музей етіп қойыпты. Ауылдағы Асау Маханов, Айтуған Жұбаналин деген азаматтар арнайы жер алған екен. Енді ағамның сексен жылдығында сол жерге музей тұрғызылса деген арманым бар.
Сексен жылдығы республика көлемінде өтсе деген арзуым – бұл.
Дайындаған Б.Арықбай.
Комментариев нет:
Отправить комментарий